Денсаулық сақтау министрлігі жарты жылды қорытындылап жақсы көрсеткішпен бөлісті

14.08.2026 14:08 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Денсаулық сақтау министрлігі жарты жылды қорытындылап жақсы көрсеткішпен бөлісті
192
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы алты айында жол апатынан қайтыс болғандар саны 20,9%-ға, ал ана өлімі 17,5%-ға төмендеді. Бұл мәліметтер еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Жиында ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев баяндама жасады. Оның айтуынша, елімізде халық денсаулығының бірқатар негізгі көрсеткіштері жақсарған. Жалпы өлім-жітім 0,8%-ға азайды. Сонымен қатар қанайналым жүйесі ауруларынан көз жұмғандар саны 10,9%-ға кеміді. Онкологиялық дерттен қайтыс болғандар көрсеткіші 5%-ға төмендеп отыр.

7 айдың қорытындысы бойынша ана өлімі айтарлықтай қысқарған. Бұл көрсеткіш 100 мың тірі туған балаға шаққанда 9,7-ден 8,0-ге дейін азайды. Нәресте өлімі де жоспарланған деңгейден төмен түсті. Нақтырақ айтсақ, ол 7,3 жоспарлы көрсеткіштің орнына 5,93-ті құрады. Ал неонаталдық өлім 4,1 жоспар кезінде 3,05 болды. Енді ведомство алдағы уақытта жүктілік асқынуларының алдын алуға баса назар аудармақ. Сондай-ақ әйелдер мен балаларды медициналық бақылау сапасы артады.

«Денсаулық сақтау жүйесі жұмысының басты нәтижесі – адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Оң динамика қабылданып жатқан шаралардың нәтиже беріп отырғанын көрсетеді. Енді осы нәтижені бекітіп, барлық өңірде сапалы медициналық көмектің бірдей қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды», – деді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.

Азаматтардың ауруханаға алдын ала қаралуға бару жиілігі де артты. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына профилактикалық мақсатта келу үлесі 33,7%-ға жетті. Бұл 27% құрайтын жылдық жоспардан асып түсті. Онкологиялық скринингпен қамту 37,6%-дан 42%-ға дейін өскен. Қатерлі ісікті ең алғашқы 0-I сатыларында анықтау үлесі 34,3%-ды құрады. Бұл бағыттағы жоспарлы көрсеткіш 33,8% болатын.

Министрлік енді ауруды ерте анықтау деңгейі төмен өңірлердегі жұмысты күшейтпек. Сонымен қатар науқастарды медициналық ұйымдар арасында дұрыс бағыттау мәселесі реттеледі.

Отандық дәрі-дәрмек өндірісі де өсті. Бірыңғай дистрибьютор сатып алған дәрілер мен медициналық бұйымдардың үлесі жоспардағы 32%-дың орнына 34,9%-ға жетті. Ал дәрілік заттардың қозғалысын нақты уақыт режимінде қадағалау көрсеткіші 77%-ды құрап отыр. Бұл 75% көлеміндегі жылдық жоспардан жоғары. Аталған жүйе дәрі тапшылығы қаупіне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ соңғы үш жыл ішінде медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау көлемі 6,7 есеге ұлғайды. Басты мақсат – дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерін ауылдық жерлерде тұрақтандыру.

Дегенмен 24 негізгі көрсеткіштің бесеуі қосымша назар аударуды қажет етеді. Осыған байланысты өңірлік басқармаларға аталған көрсеткіштерді егжей-тегжейлі талдап, нақты шаралар қабылдау тапсырылды.

«Ел бойынша орташа көрсеткіштер жекелеген аумақтардағы проблемаларды жасырып қалмауға тиіс. Жыл қорытындысы бойынша бізге себептерді түсіндіру емес, көрсеткіштердің нақты жақсаруы және халық үшін нақты нәтиже қажет», – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Жылдың екінші жартысында ведомство осы қол жеткізген нәтижелерді бекітуге күш салады. Министрлік халықтың өмір сүру ұзақтығы мен сапасына тікелей әсер ететін бағыттарды бақылауда ұстамақ.

Войдите, чтобы оставить комментарий