Депутат арнайы ХҚКО-лардың жұмыс уақытын кешкі 20.00-ге дейін ұзартуды ұсынды

16.09.2026 15:04 Қарақат АСЫЛОВА
Депутат арнайы ХҚКО-лардың жұмыс уақытын кешкі 20.00-ге дейін ұзартуды ұсынды
93
Фото: gov.kz

Құрылтай депутаты Мейраш Шынасилова жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру кезегін қысқарту үшін мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмысын кешкі 20.00-ге дейін ұзартуды ұсынды. Бұл туралы оның депутаттық сауалында айтылған, деп хабарлайды Politico.kz.

«Ақ жол» фракциясы мүшесінің айтуынша, азаматтар емтиханға кіру үшін кейде 6 айға дейін күтеді. Бос орындар бірден таусылады, ал олардың кімге, қалай берілетіні түсініксіз болғандықтан, ақылы делдалдарға жол ашылады.

Депутат орталықтардың жұмыс уақытын ұзартумен бірге емтихан қабылдаушыларды ауысыммен жұмыс істету қажет деп санайды. Теориялық емтиханды Ұлттық тестілеу орталығы мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық бөлімшелерінде де өткізуді ұсынды.

Практикалық емтиханға кезек те ұзақ. Шынасилованың дерегінше, маңындағы елді мекендермен бірге халқы 2 млн-ға жуықтайтын Астанада бір ғана автодром бар. Ол талапқа сай жеке автодромдар мен автомектептерді емтихан қабылдауға тартуды ұсынды. Барлығына ортақ бағалау, қауіпсіздік, бейнебақылау және нәтижелерді ақпараттық жүйеге енгізу талаптары болуы керек.

Кезекті сататын делдалдарды тоқтату үшін депутат емтиханға тек eGov пен eGov Mobile арқылы жазылып, бос орындарды автоматты әрі ашық бөлуді ұсынды.

Сауал Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жолданған.

Войдите, чтобы оставить комментарий