Жатақхана кезегін ашық жүргізіп, орынды онлайн брондау ұсынылды

16.09.2026 14:23 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Жатақхана кезегін ашық жүргізіп, орынды онлайн брондау ұсынылды
42
Иллюстрация/ЖИ

Студенттер жатақханадағы бос орындарды көріп, кезегін онлайн бақылай алуы керек. Құрылтай депутаты Нұргүл Тау осы үшін бірыңғай цифрлық платформа құруды ұсынды, деп хабарлайды Politico.kz.

«Respublica» фракциясының мүшесі Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындары мен колледждердің жатақханаларын бір жүйеге біріктіруді сұрады.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше, 2023–2025 жылдары 31 463 орындық 113 жатақхана ашылған. Соның нәтижесінде 2026 жылы орын тапшылығы 7,5 мыңға дейін азайған.

Депутаттың айтуынша, енді жаңа ғимарат салумен шектелмей, орындардың қалай бөлінетінін ашық көрсету қажет. Министрлік жатақханаларды цифрландыру талабын қойғанымен, әр жоғары оқу орны оны өз бетінше, әртүрлі деңгейде орындап жатыр.

Ұсынылған платформада электронды кезек, онлайн брондау және цифрлық келісімшарт болуы тиіс. Әр өтінімнің тарихы сақталып, жатақхана орындарының есебі нақты уақытта көрсетілуі керек.

Орын бөлу кезінде заңда белгіленген әлеуметтік басымдықтар автоматты түрде тексеріліп, өтінімдер ашық тәртіппен бағаланбақ. Бұл қағазбастылықты азайтуға тиіс. Сонымен бірге жеке деректерді қорғау, қабылданған шешімдерді тексеру және оларға шағымдану мүмкіндігі қарастырылуы қажет.

Талапкерлер жоғары оқу орнына құжаттарын eGov арқылы тапсыра алатындықтан, депутат платформаны электрондық үкіметпен байланыстыруды ұсынды.

Ол 2026 жылдың соңына дейін жүйенің құрылымына, технологиясына және басқа да талаптарына ортақ стандарт әзірлеуді сұрады. Ал 2027–2028 оқу жылы басталғанша барлық жатақхананы кезең-кезеңімен қосу үшін орталық және жергілікті мемлекеттік органдарды жұмылдыру қажет деп санайды.

Платформадағы деректерден жыл сайын өңірлер мен оқу орындары бойынша жатақханаға нақты сұраныс картасы жасалуы тиіс. Жаңа жатақхана салу мен қолданыстағыларын жаңарту туралы шешімдер осы мәліметке сүйенуі керек.

Бұл ұсыныс 2026 жылғы 11 маусымда «Respublica» фракциясының кеңейтілген отырысында көтерілген. Қазір Ғылым және жоғары білім, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерімен бірлескен жұмыс жүріп жатыр.

Сауалда шетел тәжірибесі де келтірілген. Нидерланд пен Францияда студенттерді баспанамен қамту цифрлық платформаларға, АҚШ пен Ұлыбританияда университеттер мен жеке компаниялардың серіктестігіне негізделген. Ұлыбритания, Германия және Австралияда арнайы тұрғын үй операторлары жұмыс істейді.

Депутат бұл бастаманы Президент тапсырмасымен жарияланған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылымен» байланыстырды. Үкімет әзірлеп жатқан халықпен кері байланыс орнатудың бірыңғай платформасы да күнделікті мәселелерді дер кезінде анықтап, цифрлық жолмен шешуге бағытталғанын атап өтті.

Войдите, чтобы оставить комментарий