Дина Төлепберген: Менің өмірлік миссиям — 100 дәретхана салу
Журналист әрі қоғам белсендісі Дина Төлепберген мектептердегі санитарлық-гигиеналық жағдай мен жасөспірімдер арасындағы жыныстық сауаттылық мәселесін көтерді. Оның айтуынша, қоғамда тыйым салынған тақырыптарды ашық талқыламау және білім беру мекемелеріндегі қолайсыз жағдайлар қыздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы тележүргізуші Дина Төлепберген «Замандас» подкастында әңгімеледі.
«Енді маған өте бай әйел болу мақсатын қою керек: бассейн мен дәретханалар салу үшін. Мойнымда үлкен миссия бар, 100 дәретхана салғым келеді. Қазір мен жыныстық тәрбие және соған ұқсас тақырыптар туралы айтып жүрмін. Өйткені барлық жамандықтың тамыры — біздің жыныстық тәрбие туралы мүлдем айтпайтынымыздан, оны тыйым салынған, ұят нәрсе деп санайтынымыздан туындайды. Қыздар өзінің етеккірі туралы көп нәрсені білмейді, ұлдар болса оларды мазақтап, буллинг жасайды. Ал дәретханалар өте ыңғайсыз әрі қолайсыз. Мәселен, өзімді еске алсам, Шымкенттегі №26 мектепте оқыдым. Біздің дәретханамыз бас ғимараттың ауласында орналасқан еді. Яғни, далаға шығу керек болатын. Сол жерде антисанитария өте басым еді. Дәл осы етеккір келген кезде: "Ойбай, бір инфекция жұғып кетпей ме?" — деп ойлайтынмын. Өйткені не болып жатқанын әлі толық түсінбегенмін, ана жақта қан ағып жатыр, ал сұмдық дәретханаға барғанда барлық ауруды жұқтырып аламын ба деп қорқатынмын», — деді Дина Төлепберген.
Дамыған елдердің тәжірибесіне тоқталған тележүргізуші гигиеналық мәдениеттің маңыздылығын және оның жеке шекараны қорғаумен тікелей байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол жасөспірімдер арасындағы жыныстық қолсұғушылық пен отбасы ішіндегі зорлық-зомбылықтың белең алуына қоғамдағы жабық тақырыптар мен қаржылық тәуелділіктің де ықпал етіп отырғанын жеткізді.
«Жапонияда дәретханаларды көргенде ғашық болып қалдым. Ол жерде, мәселен, әр дәреттен соң жуынып-шайынуға толық мүмкіндік жасалған, керемет қой! Неге, неге біз... Үлкен тазалықтың бәрі дәретханадан басталады ғой. Сондықтан "Жеке шекара", "Жеке гигиена" тақырыптарын неге көтеріп жүрміз? Менің тіпті хит болған «Жеке жер» деген әнім бар ғой. "Бұл менікі — жеке жер, жеке жер, жеке жер..." Неге? Өйткені мен, өкінішке қарай, зорланған жасөспірімдерді көп көрдім. Кішкентай 3, 4, 6 жасар балаларды туған әкесі, туған ағасы, жездесі, атасы зорлайды. Ауылдарға барып... Менің жеке субъективті статистикама сенетін болсаңыз, Қазақстанда әрбір бесінші қыз жыныстық зорлыққа тап болған. Бұл — трагедия! Сол қыздармен сұхбаттасқан кезде таңғалғаным: қыздар бойжеткенде де аналарына өкпелі болады. Өйткені анасына айтқан, бірақ ол "мүмкін емес" деп немесе әкесі отбасының қамқоршысы болғаннан кейін, бұл жайтты жабық тақырып етіп тастаған... Қаржылай тәуелді, жай ғана қорқады немесе...» — деді тележүргізуші.
Соңғы жаңалықтар