«Дұға оқып, жыладық»: SCAT ұшағы дауыл салдарынан Таразға шұғыл қонды (ВИДЕО)

24.06.2026 18:25 Қарақат АСЫЛОВА
«Дұға оқып, жыладық»: SCAT ұшағы дауыл салдарынан Таразға шұғыл қонды (ВИДЕО)
361
Фото: Wikipedia
Алматы–Шымкент рейсіндегі жолаушылар қорқынышты сәттерді бастан өткерді

Әлеуметтік желілерде Алматы – Шымкент бағытындағы ұшақта болған оқиға қызу талқылануда, деп хабарлайды Politico.kz сайты Newtimes.kz-ке сілтемемен.

Жолаушылар түсірген бейнежазбаларда ұшақ иллюминаторының сыртында жарқылдаған найзағайлар анық көрінеді. Кадрлар көпшіліктің алаңдаушылығын туғызды.

Жолаушылардың айтуынша, рейс бастапқыда кешкі сағат 22:50-де ұшуы тиіс болған. Алайда әуелі 30 минутқа, кейін тағы жарты сағатқа кешіктіріліп, ұшақ түн ортасына таман ғана әуеге көтерілген.

Ұшақ Шымкент әуежайына жақындаған кезде ауа райы күрт нашарлаған. Күшті найзағай ойнап, жаңбыр күшейіп, әуе кемесі қатты турбуленттілік аймағына тап болған. Жолаушылардың сөзінше, ұшақ шамамен 15 минут бойы қатты шайқалып, бұл жағдай борттағы адамдардың үрейін күшейткен.

Куәгерлердің айтуынша, кейбір жолаушылар дұға оқып, көз жасына ерік берген. Ал бортсеріктер жолаушыларды сабырға шақырып, жағдайдың бақылауда екенін бірнеше рет хабарлаған.

Қауіпсіздікті бірінші орынға қойған экипаж Шымкентке қонудан бас тартып, ұшақты Тараз қаласындағы қосалқы әуежайға бағыттау туралы шешім қабылдаған. Ұшақ Таразға сәтті қонып, жолаушылар шамамен бір жарым сағат күткеннен кейін сапарын қайта жалғастырған.

SCAT әуе компаниясының мәліметінше, Шымкент әуежайында желдің екпіні секундына 24 метрге дейін күшейіп, найзағайлы дауыл, нөсер жауын және жел ығысуы қаупі байқалған. Осындай күрделі метеорологиялық жағдайда экипаждың қосалқы әуежайға кету туралы шешімі халықаралық авиациялық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келген.

Ауа райы жақсарғаннан кейін рейс қайта ұшып, Шымкент әуежайына штаттық режимде қонған. Дегенмен, бастан кешкен қорқынышты сәттерден кейін кейбір жолаушылар сапарын жалғастырудан бас тартқан.

Оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, көпшілік экипаждың кәсіби әрекетіне жоғары баға беруде.

Войдите, чтобы оставить комментарий