Экс-депутат Геннадий Шиповских жаңа қызметке тағайындалды

16.09.2026 15:52 Әсел МҰРАТ
Экс-депутат Геннадий Шиповских жаңа қызметке тағайындалды
52
Фото: ашық дереккөз

Бұрынғы Мәжіліс және Сенат депутаты Геннадий Шиповских «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына қызметке қайта келгенін мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның айтуынша, теміржол саласы – еңбек жолын бастаған алғашқы кәсіби ортасы. Бірнеше жылдан кейін Шиповских осы салаға қайта оралып, компания атынан жаңа міндеттер атқаруға кіріспек.

«Еңбек жолым осы темір жолдан басталған еді. Енді міне, араға біраз жыл салып, қайтадан осы үлкен ұжымның қатарындамын. Алдағы уақытта «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мүддесін білдіріп, жаңа міндеттерге кірісетін боламын», – деп жазды ол.

Алайда экс-депутат нақты қандай қызметке тағайындалғанын ашып айтқан жоқ.

Геннадий Шиповских туралы не білеміз

Ол 1989 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентінде дүниеге келген.

Ол 2010 жылы Қазалы ауданының Әйтеке би кентіндегі №5 кәсіптік лицейді «машинист көмекшісі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сол жылы еңбек жолын Қызылорда локомотив депосында жылжымалы құрамды жөндеу слесарі ретінде бастады.

2013-2016 жылдары Қызылорда локомотив пайдалану депосында машинист көмекшісі болып жұмыс істеді.

Шиповских 2016 жылдан 2023 жылға дейін VI және VII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болды. Ол алғаш рет 2016 жылғы наурызда депутат болып сайланып, 2021 жылы Мәжіліс құрамына қайта өтті.

2023 жылы 24 қаңтардан 2026 жылғы 1 шілдеге дейін Сенат депутаты қызметін атқарды. Жоғарғы палатада Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің құрамында жұмыс істеді.
 

Войдите, чтобы оставить комментарий