Экс-министр Баян Алагөзовадан жәдігерді мұражайға өткізуді сұрады
«Қыз Жібек» фильміндегі басты кейіпкер киген қамзолдың Баян Алагөзованың қолына түсуіне қатысты бұрынғы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова пікір білдіріп, продюсерден тарихи киімді мұражайға өткізуді сұрады, деп хабарлайды Politico.kz порталы Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Қазір халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті қызметін атқаратын Ақтоты Райымқұлова бұл қамзолдың қазақ халқы үшін құндылығы өте жоғары екенін айтты. Оның сөзінше меценаттардың мемлекетпен бірге ұлттық мұраны сақтауға үлес қосқаны дұрыс, алайда мұндай тарихи дүниелер жеке адамның қолында қалмауы тиіс.
«Қазір қоғамда бұл мәселе қызу талқыланып жатқанын көріп отырмын, Баян Алагөзованың меценат ретінде бұл қамзолды сақтап қалғаны жақсы әрекет, бірақ оны мұражайға өткізсе өте орынды болар еді, өйткені бұл қазақ костюмінің керемет үлгісі әрі тарихи мұра», - деді бұрынғы министр.
Еске салайық, жақында продюсер Баян Алагөзова желідегі парақшасында өзіне «Қыз Жібек» фильміндегі қызғылт қамзолдың сыйға тартылғанын айтып мақтанған болатын. Кезінде актриса Меруерт Өтекешева киген бұл киімнің жеке адамның меншігіне өтіп кетуі халық арасында үлкен дау тудырды. Осыдан кейін продюсер жұрттың сынына жауап беріп, өзін ақтап алуға тырысқан.
Бұл шудан кейін Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қазақфильм» қорында тек бір ғана түпнұсқа қамзол сақтаулы тұрғанын және оның мемлекеттің қатаң қорғауында екенін мәлімдеді. Қазір құзырлы орган тарихи жәдігердің жеке қолға қалай түсіп кеткенін тексеріп жатыр. Дегенмен фильмнің басты кейіпкері Меруерт Өтекешева продюсердің қолындағы киімнің расымен де түпнұсқа екенін растап берді.
Соңғы жаңалықтар