Елден шығарылған әйел 900 мың теңге төлеп, Қазақстанға атпен оралған
Қазақстанға 5 жыл кіруге тыйым салынған Өзбекстанның 26 жастағы азаматы жол бастаушыға 900 мың теңге төлеп, Қырғызстаннан шекараны атпен кесіп өткен. Атырауға қайта жеткен әйелге сот бұл жолы 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды Politico.kz.
HALYQSTAN арнасының жазуынша, ол 2025 жылғы тамызда көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстаннан шығарылған. Оған дейін Атыраудағы Тайманов көшесінен пәтер жалдап, ақылы интимдік қызмет көрсеткен. Өзінің айтуынша, тәулігіне 60 мың теңгеге дейін табыс тапқан.
Елден шығарылғаннан кейін Бішкекке барған әйел сол жерде Қазақстанға заңсыз өткізуге көмектесетін ер адаммен танысқан. Сотта ол жол бастаушымен бірге ресми өткізу бекеттерін айналып, дала арқылы атпен өткенін айтқан.
Шекарадан кейін Атырауға қалай жеткені іс материалдарында нақтыланбаған. Қалаға оралған соң қайтадан Тайманов көшесінен пәтер жалдап, бұрынғы кәсібін жалғастырған. Кейін оны ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері анықтаған.
Әйел сотта кінәсін мойындап, елге қаржы тапшылығынан оралғанын түсіндірген. Оның сөзінше, науқас анасы мен кәмелетке толмаған сіңлісі өзінің асырауында.
Сот үкімі бойынша ол жазасын өтегеннен кейін Қазақстаннан қайта шығарылады. Бұған қоса, елге кіруіне тағы 5 жылға тыйым салынады.
Соңғы жаңалықтар