Елімізде қарызы бар азаматтарды камералар анықтайтын болды

Қазақстанда борышкерлерді «Цифрлық бақылау» жүйесі арқылы анықтай бастады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Елімізде сот шешімін орындаудан жалтарып жүрген азаматтарды анықтау үшін «Цифрлық бақылау» жүйесінің мүмкіндіктері кеңейтілді. Бұл жобаны Әділет министрлігі, Бас прокуратура және Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы бірлесіп қолға алған.
Енді борышкерлерді тек көшелер мен қоғамдық орындарда ғана емес, сонымен қатар әуежай, теміржол вокзалы мен метро станцияларында да анықтауға болады. Бұдан бөлек, азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан мемлекеттік қызмет алғанда немесе ұшақ пен пойызға билет сатып алғанда, олардың жеке деректері дерекқор арқылы автоматты түрде тексеріледі.
Ведомстволардың мәліметінше, 2024 жылдың қаңтарынан бері іздеуде болған 4560 борышкердің 2118-інің мекенжайы анықталған.
Сондай-ақ, жақын арада аталған жүйе арқылы борышкерлерге тиесілі, бірақ пайдалануға тыйым салынған автокөліктерді де іздестіру жоспарланып отыр. Қалалық бейнебақылау камералары мен жасанды интеллект арқылы табылған көліктерді полиция қызметкерлері тоқтатып, арнайы тұраққа жеткізбек.
Жауапты органдардың айтуынша, бұл шаралар несие берушілердің құқығын қорғауға және сот шешімдерінің тиімді орындалуына бағытталған.
Соңғы жаңалықтар




