Елімізде шетелдіктердің алаңсыз білім алуына барынша қолайлы жағдай жасалады – Тоқаев
Мемлекет басшысы «Қазақстан – академиялық білім аймағы» стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың сапалы білім алуы үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа тоқталды
«Елімізде 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Соған сәйкес Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың есепшотына салынады, яғни Қазақстандағы әр бала 18 жасқа дейін Ұлттық қордан қаржы алып тұрады. Аталған қаражатты мерзімінен бұрын қолдануға болмайды. Балалар кәмелет жасқа толғаннан кейін жинақталған қаржыны баспана немесе білім алуға жұмсай алады. Сонымен қатар бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесі іске қосылды. Бұл жүйеде ата-аналардың ерікті салымы, мемлекет тарапынан бөлінетін бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс жинақталады. Жобалардың негізгі мақсаты – бір, бұл – жас ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасау. Бұдан бөлек, жастарға пайызсыз білім несиелері және түрлі гранттар берілуде. Жоғары білім беру саласының инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр, жаңа оқу ғимараттары (кампустар) бой көтеруде. Аймақтарда жоғары оқу орындарының жанынан студенттерге арналған жатақханалар салынуда», – деді мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы: «Еліміздің 5 университеті Times Higher Education басылымы ұсынған әлемдегі үздік оқу орындарының тізіміне қосылды
Еліміздің 5 университеті Times Higher Education басылымы ұсынған әлемдегі үздік оқу орындарының тізіміне қосылды.
Президенттің айтуынша, Қазақстан ChatGPT негізінде білім беру құралдарын енгізу жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыра бастады.
«2030 жылға қарай ЖИ әлемдік ІЖӨ көлемін 15 триллион доллардан аса ұлғайтады деп болжанып отыр. Бірақ жасанды интеллектінің дамуынан ең көп пайданы қай ел көреді? Бұл – өте қызықты сауал. Оны терең зерделеп, сараптау қажет. Жауабы аса қиын көрінбегенімен, бұл мәселе адамзат келешегімен тікелей байланысты екенін мойындауымыз керек. Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту және басқа салалармен жан-жақты интеграциялау ең жоғары стратегиялық басымдық саналады. ЖИ сарапшылары мен мамандарын даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз. Осы мақсатта жыл басынан бері AI Sana бағдарламасын іске қостық. 540 мыңнан астам студент оқу курсынан өтті. Бұдан бөлек, жасанды интеллект барлық мектеп пен университетке міндетті курс ретінде енгізілді. Елімізде Жасанды интеллект университетін ашу үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді президент.
Әлемнің 40 жетекші университетімен серіктестік орнатылып, елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы ашылды.
Президенттің айтуынша, қазіргі кезде еліміздің жоғары оқу орындарында 31 мыңнан астам шетел студенті білім алады. Бұл – қазіргі сәтте Қазақстан үшін рекордтық көрсеткіш.
2029 жылға қарай аталған межені 100 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін виза режимі оңтайландырылып, шетелдіктердің алаңсыз білім алуына барынша қолайлы жағдай жасалады.
Үздік түлектердің Қазақстанда тұрақтап қалуына мүмкіндік беретін жұмыспен қамту бағдарламасы іске қосылады.
Соңғы жаңалықтар