Еңбек министрі баласын құшақтаған курьер әйелге қатысты дауға нүкте қойды

26.06.2026 09:56 Мөлдір ҚАЙНАР
Еңбек министрі баласын құшақтаған курьер әйелге қатысты дауға нүкте қойды
277
Фото: коллаж POLITICO.KZ

Алматының шыжғырған ыстығында арқасына курьерлік сөмке асып, қолына емшектегі нәрестесін ұстап жұмыс істеп жүрген ананың суреті әлеуметтік желіні шарлап, қазақстандықтардың үлкен ашу-ызасын тудырған еді. Халықты әсіресе Еңбек министрлігінің алғашқы «суық» мәлімдемесі шамдандырды. Желіні шулатқан осы оқиғаға қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаев Tengrinews.kz тілшісіне сұхбат беріп, барлық шындықтың бетін ашты.

​Министрлік неге туыстарының байлығын алға тартты?

​Оқиға алғаш талқыланғанда министрліктің «Бұл отбасының көлігі бар, несиесі бар, Шымкенттегі туыстарының жағдайы жақсы, ағасы ломбард бизнесімен айналысады» деген сөзі жұрттың шамына тиді. «Мемлекет жас отбасына көмектесудің орнына, туыстарының қалтасын санап отыр» деген айып тағылды.

​Аскарбек Ертаев бұл түсініспеушілікті былай түсіндірді:

​«Бұл ақпарат «Отбасылық цифрлық картадан» алынды. Онда барлық үй шаруашылықтары әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарай санаттарға бөлінеді. Біз деректерді тексергенде, бұл жас жігіттің (курьер әйелдің күйеуі) әлі күнге дейін Шымкенттегі ата-анасымен бірге бір үйде тіркеуде (пропискада) тұрғанын көрдік. Сол себепті жүйе оларды бір отбасы деп қабылдап, ата-анасы мен бауырының ортақ табысы мен активтерін көрсетіп жіберген».

​Министр бұл жүйенің шикілігі бар екенін, егер жас отбасы бөлек қалада өзі тіркелгенде, жүйе тек олардың өз табысын ғана көрсететінін айтты. Ол бұл цифрлық жүйенің әлі де жетілдірілетінін мойындады.

​«Күйеуіне IT саласынан жұмыс ұсындық, бірақ олар көмектен бас тартты»

​Министр Аскарбек Ертаев ведомствоның бұл жағдайға бей-жай қарамағанын, Алматы қалалық жұмыспен қамту басқармасы шұғыл түрде ол отбасын іздеп тауып, кездескенін мәлімдеді.

Ұсынылған көмек: Курьер әйелдің күйеуі IT маманы болып шыққан. Карьерлік орталық оған өз мамандығы бойынша жақсы бос жұмыс орындарын ұсынған.

​Бас тарту: Алайда, жас отбасы мемлекет ұсынған ешқандай көмекті қабылдамаған. Сондай-ақ, оларды іздеп тауып, демеушілік жасамақ болған жергілікті кәсіпкердің де көмегінен бас тартқан.

​Шымкентке қайту: Олар Алматыға бір ай бұрын ғана көшіп келген екен, оқиғадан кейін Шымкентке қайта көшуді жөн көрген. Министрлік қазір Шымкенттегі карьерлік орталықты іске қосып, оларды сол жақта жұмысқа орналастыруды бақылауға алғанын айтты.

​«Егер бізге бәрібір болса, бұл мәселені әкімдікке ысырып салып, үнсіз отыра берер едік. Бірақ біз үнемі байланыста болдық. Олар көмектен өздері бас тартқандықтан, біздің басқа ұсынарымыз болмады», – деді министр.

​Балалы аналарға курьер болып жұмыс істеуге тыйым салына ма?

​Халық арасында «осы уақиғадан кейін жеткізу компаниялары (Glovo, Яндекс және т.б.) балалы әйелдерді жұмысқа алмай қояды» деген қауіп туған.

​Министр Ертаев бұл қауіпті сейілтті. Оның айтуынша, министрлік ешқандай тыйым салмайды және бұл еркін график қолданушылар үшін өте тиімді жұмыс түрі. Алайда, министрлік курьерлік компаниялардың басшыларымен жеке сөйлесіп, қауіпсіздік мәселесін қатаң қойған. Себебі емшектегі баламен құрылыс нысандарына, өндірістік орындарға немесе жол қозғалысы өте қарқынды жерлерге бару ана мен баланың өміріне үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан компаниялар бұдан былай қауіпсіздік ережелері мен нұсқаулықтарға өте маңызды қарауы тиіс.

Войдите, чтобы оставить комментарий