«Ережені талқылаймыз, бірақ мәртебесін қозғамаймыз»: Жалғас Ертай биліктің тіл саясатын сынады

17.09.2026 11:31 Әсел МҰРАТ
«Ережені талқылаймыз, бірақ мәртебесін қозғамаймыз»: Жалғас Ертай биліктің тіл саясатын сынады
109
Фото: ашық дереккөз

Қоғамда соңғы күндері қызу талқыға түскен «қыркүйек» сөзінің жазылуына қатысты тіл жанашыры Жалғас Ертай өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, билік орфографиялық дауды алға тартып, қазақ тілінің құқықтық және саяси мәртебесіне қатысты басты проблемаларды жылы жауып қойғысы келеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның пікірінше, бұған дейін де қазақ тіліндегі жекелеген сөздердің жазылуына байланысты түрлі пікірталастар болған. Мәселен, «рақмет» пен «рахмет», «станция» мен «станса» сияқты нұсқалар қоғамда талқыланған.

«Қалыпты процесс дейік, бір сөзге ғалымдар мен көпшіліктің көзқарасы екі түрлі болып шықты. Қоғамдағы алуан түрлі пікірдің арпалысы дейік. Бірақ бұл дау басқа даудан өзгерек болып шықты», – деп жазды Жалғас Ертай.

Жалғас Ертай сөздердің жазылуына қатысты даулар қоғамда бұрын да болғанын және бұл қалыпты процесс екенін атап өтті. Алайда, бұл жолғы талқылаудың жөні бөлек: оған елдің бас тұлғаларының араласуы мәселені мемлекеттік деңгейге шығарып жіберген.

«Неге сала мамандары ғана талқылауы тиіс тақырып, мемлекеттік деңгейге шығып кетті? Бірден өзімнің ойымды айтайын: билік тілдің мәртебесі тақырыбын ығыстырып қойып, оны салалық мәселеге айналдырмақ. Техникалық сұрақ қылып қана қоймақ», – дейді автор өз жазбасында.

Жалғас Ертайдың пайымдауынша, тілдің ережесін реттеу мен оның мемлекеттік мәртебесін арттыруды бір мәселе ретінде қарастыруға болмайды.

«Тілдің ережесін реттеу, оны жаппай талқыға шығару мен тілдің биліктегі мәртебесін арттырудың арасындағы айырмашылық өте үлкен», – деп атап өтті ол.

Оның сөзінше, тілдің мәртебесін көтеру туралы сөз болғанда мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін білуі, заңдардың мемлекеттік тілде жазылуы және мемлекеттік органдардағы ішкі құжат айналымының қазақ тіліне көшуі сияқты нақты мәселелер күн тәртібіне шығады.

Автордың пікірінше, тілдің ережесін реттеу мен оның биліктегі мәртебесін арттырудың арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Билікке бұл тақырыпты мамандар талқысына салып қою әлдеқайда тиімді әрі оңай.

«Тіл мәретебесін арттыру мәселесін қозғағанда шенеуніктерге мемлекеттік тілді білуді міндеттеу, заңдарды мемлекеттік тілде жазу, ішкі құжат айналымын мемлекеттік тілде жүргізу мәселесі шығады. Жауапкершілік артады, бюрократия артық жұмыс істеуге мәжбүр болады. Ал тіл ережесін талқылау – оңай. Оны сала мамандарына жүктеп қояды, бітті. Сондықтан биліктің осындай мазмұндағы талқылау ұсынуы – тіл мәртебесі тақырыбын ығыстыру», – деп түсіндіреді Жалғас Ертай.

Жалғас Ертай вице-президенттің «қыркүйек/қыргүйек» мәселесіне қатысты пікір білдіруі қоғамда тіл тақырыбына назар аударғанын атап өтеді. Алайда оның пікірінше, бұл мемлекеттік тілдің негізгі мәселелерін шешпейді.

«Билік вице-президенттің сөзі арқылы бізге төмендегідей конструкцияны ұсынып отыр: қазақ тілінің ережесін қуана-қуана талқылаймыз, тіпті сөздік шығару жайлы шешімдерді оңай қабылдаймыз. Бірақ оның құқықтық мәртебесі, бюрократиядағы орны мен шенеуніктерге қойылатын тіл талаптары тақырыбын қозғамаймыз, ол тақырып табу дейді. Қазіргі статус-кво осы», - деп жазды ол.

Оның айтуынша, сөздік пен орфографияны жаңарту мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін меңгеру міндетін жүктемейді және мемлекеттік органдардағы тілдік жағдайды өздігінен өзгертпейді.

«Мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді білуге міндеттемейді. Заңдарды тек мемлекеттік тілде жазуға шақырмайды. Тек сала мамандары деңгейінде талқылауға түрткі болады», – дейді тіл жанашыры.

Сонымен қатар, автор мұндай бастамаларды «тіл проблемасын деполитизация жасауға (саясаттан арылтуға) тырысу» және «ақпараттық кеңістіктегі талқылануын шектеу арқылы қоғамдық пікірді басқаруға тырысу» деп бағалайды.

Сөз соңында тіл жанашыры грамматика мен орфографияны талқылау пайдалы екенін, бірақ ол биліктің пропагандасына айналған тұста негізгі мақсаттан адастыратынын ескертті. Оның айтуынша, қазіргі басты тіл проблемасы – оның саяси мәртебесі мен заңдардың жазылуында.

Жалғас Ертай қазіргі тіл мәселесінің өзегін оның мемлекеттік аппараттағы қолданысынан көреді.

Оның пікірінше, қазақ тілі мемлекеттік органдарда тек орыс тілінен аударма жасалатын тіл болмауы керек.

«Қазақ тілін аударма тілінен, негізгі жұмыс тіліне айналуын талап етуіміз керек. Ал негізгі жұмыс тіліне айналған соң да, оған дейін де грамматика, орфография мәселесі талқылана береді. Ол үздіксіз процесс, ал тілдің биліктегі мәртебесі константаға айналуы тиіс. Қазір тіпті де олай емес», – деп түйіндеді Жалғас Ертай.

Войдите, чтобы оставить комментарий