Мұрат Бөрібаев Жезқазған қаласының жаңа әкімі болды
Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласына жаңа әкім тағайындалды. Бүгін, 17 қыркүйекте облыс басшысы Есет Байкен қала активіне жаңа басшы Мұрат Бөрібаевты таныстырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл қызметті бұған дейін атқарған Қайрат Шайжанов жақында отставкаға кеткенін хабарлаған болатын. Енді шаһарды басқару 1991 жылы туған Мұрат Ерболатұлына тапсырылды. Жаңа әкім осы тағайындауға дейін Сәтбаев қаласын басқарған.
Мұрат Бөрібаев кім?
Мұрат Ерболатұлы Бөрібаев 1991 жылы туған. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Металлургия, экономика және бизнес бакалавры, мемлекеттік менеджмент магистрі.
Еңбек жолын «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС-нің «Қарағандытүстімет» өндірістік бірлестігіне қарасты «Нұрқазған» байыту фабрикасы бас корпусында үшінші разрядты флотатор болып бастаған.
2011–2012 жылдары осы фабрика жетекшілігінің әкімшілік бас корпусында іс жүргізуші болған. Сондай-ақ фабриканың бас корпусы бақылау цехында шебер болып жұмыс істеген. 2012–2013 жылдары бас корпус цехының бастығы қызметін атқарған.
2013–2014 жылдары «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС-нің «Шығыстүстімет» өндірістік бірлестігіндегі Орлов кеніші байыту фабрикасының бас инженері болған. 2014–2015 жылдары корпорацияның «ЖТМ» өндірістік бірлестігіне қарасты №1, 2, 3 Жезқазған байыту фабрикасының №2 бас корпусы цехын басқарған.
2015–2017 жылдары «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС-нің «ҚТМ» филиалындағы «Нұрқазған» байыту фабрикасының директоры болған. 2017–2024 жылдары «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігіне қарасты №1, 2, 3 Жезқазған байыту фабрикасын басқарған.
Соңғы жаңалықтар