«Еркектер мен ұрғашылар бірге отыруға болмайды»: әйелдерді тойда кемсіткен ақсақал қамауға алынды
Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынына діни және әлеуметтік араздықты қоздыру бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Politico.kz.
«Бұған дейін хабарланғандай, әлеуметтік желілерде Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынының жария айтқан сөздері бейнеленген бейнежазбаның таралу фактісі бойынша діни және әлеуметтік араздықты қоздыру бойынша қылмыстық іс қозғалды», - делінген ІІМ хабарламасында.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ІІМ Қазақстан Конституциясында еліміздің зайырлы, құқықтық әрі әлеуметтік мемлекет екені, ал адам, оның құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылықтар екені бекітілгенін (1-бап) еске салды.
Сондай-ақ министрлік заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең, жынысына, дінге көзқарасына және өзге де мән-жайларға байланысты кез келген кемсітуге тыйым салынатынын (16-бап) атап өтті.
Сонымен қатар ведомство сөз бостандығы басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұқпауға тиіс, ал діни және әлеуметтік араздықты насихаттауға жол берілмейтінін (23-бап) тағы бір мәрте еске салды.
ІІМ адамның қадір-қасиетін қорлайтын, әйелдерді кемсітетін, діни немесе әлеуметтік араздықты қоздыратын не қоғамдық келісімді бұзуға бағытталған кез келген жария мәлімдемелерге заңнамаға сәйкес құқықтық баға берілетінін ескертті.
Бұған дейін полиция оған қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған еді.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желілерде оңтүстіктегі жиындардың бірінде тілектің орнына діни уағыз айтқан ер адамның видеосы тарап, қоғамда қызу талқыланған болатын. Бейнежазбада ол ерлер мен әйелдердің бір дастарқан басында аралас отыруын теріс қылыққа балап, музыканы дінге қайшы деп бағалаған, ал бұл әрекетті көпшілікпен қатар Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин де қатаң сынаған еді.
Осы даулы мәселеге нүкте қою мақсатында діни басқарма өкілдері арнайы мәлімдеме жасап, ислам дінінің өзгелерді ауыр сөзбен айыптамай, керісінше даналықпен насихат айтуға үндейтінін алға тартты.
Соңғы жаңалықтар