Ерсайын Нағаспаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымына қайта тағайындалды

03.09.2026 11:55 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ерсайын Нағаспаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымына қайта тағайындалды
217
Фото: ktze.kz

Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерсайын Нағаспаев Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметін сақтап қалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерсайын Қайырғазыұлы Нағаспаев Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымына тағайындалды», - делінген Ақорданың хабарламасында.

Жаңа Жарлыққа дейін министрдің кандидатурасын Құрылтайдың салалық комитеті қарады. Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің отырысында депутаттар оны лауазымға бекітуге келісім берді.

Бұл мәселе «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 30-бабы аясында талқыланды. Комитет жиынының нәтижесінде оң қорытынды қабылданды.

Ерсайын Нағаспаев бұл министрліктің тізгінін осыған дейін де ұстаған. Ол аталған ведомствоны 2025 жылдың 28 ақпанынан бері басқарып келеді.

Ерсайын Нағаспаев кім?

Ведомство басшысы – Ерсайын Қайырғазыұлы 1980 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Ол Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде жоғары білім алған.

Еңбек жолын Теміртау қаласы әкімі аппаратының жетекші маманы болып бастады. 2002-2003 жылдары Сыртқы істер министрлігі мен Инвестициялар комитетінің атташесі қызметін атқарды.

2003-2006 жылдары Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігінде атташе, үшінші хатшы болып істеді. Одан кейін Көлік және коммуникация министрлігінің Көлік саясаты және халықаралық ынтымақтастық департаментінде бөлім бастығы, директордың орынбасары болды.

2007-2009 жылдары «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» мекемесінде басшының орынбасары және аппарат басшысы болды. 2009 жылы Көлік министрлігінің Әкімшілік жұмыс, мемлекеттік жұмыс, мемлекеттік сатып алу департаменті директорының орынбасары міндетін атқарды.

Сол 2009 жылы Премьер-министр орынбасарының кеңесшісі қызметін де қоса атқарды. Одан кейін 2010 жылға дейін Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары лауазымында еңбек етті.

2010-2011 жылдары Қарағанды облысы әкімінің кеңесшісі болды. Одан кейін 2013 жылға дейін осы өңірдегі Шахтинск қаласын басқарды.

2013-2014 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2014-2016 жылдары «Астана» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы болды.

Ал 2016-2020 жылдары «Новострой Астана» серіктестігінде директордың стратегиялық даму жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді.

Министрлікке келмес бұрын Ерсайын Нағаспаев ұлттық компанияда еңбек еткен еді. Ол 2021 жылдың сәуірінен бастап «Қазақстан темір жолы» компаниясында қамтамасыз ету жөніндегі басқарушы директор болған.

Войдите, чтобы оставить комментарий