ҰҚШҰ Бас хатшысы қызметіне Таалатбек Масадықов тағайындалды

27.11.2025 13:52 Арман Ермеков
ҰҚШҰ Бас хатшысы қызметіне Таалатбек Масадықов тағайындалды
0
201
коллаж Politico.kz

Бішкекте өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының кеңейтілген отырысында ұйым тізгінін ұстайтын жаңа басшының есімі белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев делегация мүшелерімен бірге Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты. Алқалы жиын барысында ұйымның жаңа Бас хатшысын тағайындау туралы шешім қабылданды.

Президенттер алдымен осы уақытқа дейін ұйымның Бас хатшысы лауазымын абыроймен атқарып, өкілеттік мерзімі аяқталып жатқан отандасымыз Иманғали Тасмағамбетовке ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты.

Келесі кезекте тізгін Қырғыз еліне өтеді. Кеңес шешімімен, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰҚШҰ Бас хатшысы қызметіне Қырғыз Республикасының өкілі Таалатбек Масадықов тағайындалды. Ол бұл лауазымды алдағы үш жыл бойы атқаратын болады.

Еске сала кетейік, біз бұл тағайындау туралы алдын ала жазған болатынбыз. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың сөзіне сүйене отырып, ауыс-түйіс мәселесі барлық тараппен келісіліп қойғанын және Иманғали Нұрғалиұлының орнына дәл осы Таалатбек Масадықов келетінін хабарлаған едік. Бүгін сол ақпарат ресми түрде расталды.

Жаңадан сайланған Бас хатшы Таалатбек Масадықов 1961 жылы қаңтарда Қырғызстанда дүниеге келген. Халықаралық қатынастар саласының білікті маманы 1984 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген. Кейін Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын тәмамдап ауған әдебиеті бойынша филология ғылымдарының кандидаты атанды және Лондондағы экономика мектебінің докторантурасында білім алды.

Дипломаттың еңбек жолы бай тәжірибеге толы. Ол 1987-1988 жылдары Ауғанстандағы кеңестік кеңесшілер тобында қызмет етсе, 1995-1996 жылдары Қырғызстанның Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитеті бас директорының орынбасары болды. 2002-2014 жылдар аралығында Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде саяси кеңесші және Ауғанстандағы кеңселердің басшысы ретінде жұмыс істеді.

Сондай-ақ ол Қырғызстандағы Америка университеті мен Токио университетінде дәріс оқыған. Саяси мансабында 2017 жылы Қырғыз Республикасының президенттігіне үміткер ретінде сайлауға қатысты. 2021 жылы Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, ал 2022-2023 жылдары Президенттің арнайы өкілі қызметтерін атқарды. 2024 жылдың қаңтарынан бері ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасары болып еңбек етуде. Төтенше және өкілетті елші дәрежесі бар дипломат отбасылы, екі ұл және бір қыз тәрбиелеп отыр. Ол қырғыз, орыс, ағылшын тілдерімен қатар пушту тілін жетік меңгерген.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий