Феншуй маманы: 77 саны үйге өрт пен ұрыс-керіс әкеледі
Астролог, феншуй маманы Ирина Раззақ өзі меңгерген салалардың өміріне қандай оң өзгерістер алып келгенін әңгімеледі. Маманның айтуынша, үй сатып алған кезде "77" деген саннан аулақ болу қажет. Себебі бұл сан сол үйдің берекесін қашырып, өрт, ұрыс-керіс әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол «Жұлдыздар сөйлесін» подкастында айтты.
«2020 жылғы карантин уақытында фэншуй маманы болған бір әйелді кездестірдім. Негізі ол кезде фэншуйге өту ойымда да болмаған еді. Мен әлі де Ба цзы-мен айналысып жүргенмін. Қарым-қатынасым созылып, қаржылай жағдайым да оңала қоймаған еді. Дәл осы кезеңде әлгі фэншуй маманы кездесті. Себебі қарым-қатынастан бас тартып, фокусымды ақша табуға бұрған сәтте, әлеміңе қаржылай тұрғыдан көмектесетін адамдар тартыла бастайды екен. Фокусымды қаржыға бағыттаған кезде, өміріме фэншуй келді. Сол маман үйімнің фэншуй талдауын жасап, не болып жатқанын өте дәл айтып берді. Бұл үйде соттасу жағдайлары болғанын да дөп басты. Шынында да, мен ешкіммен соттаспағаныммен, қызық жағдайлар болып тұратын: коммуналдық төлемдерді уақытылы төлей алмай қалсам, істі бірден сотқа жіберетін. Өйткені ақшам болмай, бар қаржымды оқуға салып жатқан едім. Маған білім алу маңызды болды, себебі бұрынғы күйімнен шыққым келді, ол жағдайым өзіме мүлде ұнамайтын. Сонымен қатар, 2016 жылы сатып алған үйімнің алдына 2010 жылы бұрынғы иелері ағаштан веранда сияқты терраса салған екен. О баста ешқандай проблема болмаған. Бірақ кейін Бауыржан Байбек әкім болып, қаланы қайта құрылымдау жұмыстарын жүргізгенде, «Қайта жоспарлауды қате жасағансыңдар» деп мені сотқа беріп, айыппұл салды. Негізі оны мен салмаған едім, солай дайын күйінде сатып алған болатынмын. 2010 жылдан бері тиіспей келген құрылыс менің иелігіме өткенде ғана проблема тудырды. Одан бөлек: «Салық төлемедің» деген сияқты сот қағаздары келіп, есепшоттарым өз-өзінен бұғатталып қалатын. Көлігімді кепілге қойған едім, оны да төлей алмасам сотқа кететін жағдай болды. Солай өмірімде үлкен бір күрес басталды», — деді Ирина Раззақ.
Ары қарай ол әйел адамдармен арада жиі ұрыс туындағанын айтты. Көршілермен, болмаса көшедегі әйелдермен сөзге келіп қала берген. Немесе үйленген ер азаматтармен еш байланыспаса да, олардың әйелдерімен ұрысып қалатын болған. Сондай-ақ, ол үйдің нөмірі қай сандар болмағаны дұрыс екенін айтты.
«Фэншуйде « екі 7» деген сандар комбинациясы бар. Егер кіреберіс есікте бұл сандар орналасса, ол үйде өрт болуы мүмкін, әйелдермен үнемі керіс туындайды немесе ауру-сырқау көбейіп, аузыңнан жаман сөздер шыға бастайды. Осылайша бұл проблемалардың барлығы менің басыма төнді. Карантин кезінде мен оған үйдің суреттерін, есіктің оңтүстікке қарап тұрғанын, баспалдақтар санын және үйдің жобасын жібердім. Ол соған қарап талдау жасап берді. 2012 жылдан 2018 жылға дейін балаларыммен бірге бір ғана жатын бөлмеде тұрып келген едім. Баланы босанар алдында менде «ұяны көркейту» инстинкті оянып, бөлмені ауыстырдым. Осы бөлмені ауыстырған сәттен бастап өмірімде оң өзгерістер басталады. Бұрынғы жатқан бөлмем жағымсыз энергияға толы екен. Онда жатқанда жақсы ойлар келмейтін, уайым-қайғым көп болатын. Жаңа бөлмеге көшкен соң, кірісім арта бастады. Фэншуй маман маған: «Үлкен тас тауып, төсегіңнің астына қойып қой, ол саған күш-қуат береді» — деді. Көшеден тас әкеліп қойдым. Әрі «пайдалы божество» ұғымын түсініп, басымды дұрыс бағытқа қаратып жатқан соң, санама дұрыс ойлар келе бастады. Бұл қарым-қатынастың керегі жоқ екенін, қарыз бен кредиттерден қалай құтылу керектігін түсіндім», — деді астролог.
Артынша ол үйін сатып, қарыздарын жабу туралы ойға келгенін айтты. Бұған фэншуй маманының «бұл үй дұрыс емес» деген сөзі де әсер еткен.
«Шынында да, қолайсыз үйде тұра бергеннен не пайда? Қазақта да фэншуйді білмесе де: «Мына үй берекелі/берекесіз болды», «Мына үйде көзім ашылмады, орын ауыстыру керек» немесе балалы бола алмаса «ауа ауыстыру керек» деп жатады ғой. Бұның бәрі тегін айтылмаған. Біз Қытаймен көрші тұрғандықтан, Ұлы Жібек жолы арқылы олардың көптеген ырымы мен салты бізге де ауысқан. Мойындағымыз келмегенімен, халық арасындағы тыйымдар мен ырымдардың басым бөлігі — фэншуй элементтері», — деді Индира Раззақ
Соңғы жаңалықтар