Феншуй маманы: Дәретханасы сыртқы есікке қарама-қарсы тұрғандар кедей болады
Фэншуй ілімі бойынша, тұрғын үйдің ішкі жоспары мен ондағы бағыттар адамның жеке өміріне, қарым-қатынасына және қаржылық жағдайына тікелей әсер етеді. Бұл ретте маман Ирина Раззах баспанадағы белгілі бір секторлардың орналасу ерекшеліктеріне тоқталып, олардың адам өміріне тигізетін ықпалын түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Ирина Раззах "Жұлдыздар сөйлесін" подкастында әңгімеледі.
«Негізінде, бұл тек солтүстікке қатысты емес. Үйіміздің солтүстігінде, шығысында, батысында және оңтүстігінде «Шабдалы гүлі» деген ұғым бар. Ол белгілі бір жануарлар таңбасымен орналасады. Бұл сектор адамдармен қарым-қатынас орнатуға, өзгелерге сүйкімді әрі жағымды көрінуге, ажарлы да жас болып жүруге және ер азаматпен қарым-қатынас түзуге ықпал етеді. Оны біз, сонымен қатар, тартымдылық деп те атаймыз. Мәселен, менің «Шабдалы гүлім» оңтүстік секторында орналасқан. Әр адамда бұл бағыт әртүрлі болады. Мен бұны «21 қағида» атты фэншуй сабағымда егжей-тегжейлі түсіндіріп, жазып қойдым. Онда кез келген адам өзінің «Шабдалы гүлін» үй ішінен қалай табу керектігін ұғына алады. Ал енді өз тәжірибемнен мысал келтірейін. Менің «Шабдалы гүлім» оңтүстікте. Самалдағы үйімде бірінші күйеуіммен ажырасып, кейін де дұрыс қарым-қатынас құра алмадым. Маған сырттай: «Әдемісің, ақылдысың, тартымдысың, еркектер саған қарамай өте алмайды» деп жататын. Бірақ мәселе сырт келбетте емес, ішкі күйде. Сол үйдегі сенің ішкі энергияңда. Ол үйде оңтүстік жақта кіреберіс есігім орналасқан еді. Егер «Шабдалы гүлі» орналасқан секторда есік жиі ашылып-жабылып, белсенді қозғалыс болса, онда жеке өмірдегі қарым-қатынас тұрақсыз болады. Сол себепті, мүмкіндік болса, ол сектордан есік ашпаған дұрыс. Екіншіден, бұл секторға әжетхана мен жуынатын бөлме түспеуі керек. Бұл — «Шабдалы гүлінің» ластануын білдіреді. Өйткені әжетхана мен жуынатын бөлме — біз ішкі қалдықтарымызды қалдыратын орын. Мұсылманшылықта да бұл орындар таза саналмайды ғой. Егер сенің көркіңе, тартымдылығыңа, абыройыңа және жеке өміріңе жауап беретін секторың әжетханаға түсіп кетсе, қарым-қатынасың нашарлайды немесе мүлдем болмайды», — деді феншуй маман Ирина Раззах.
Сонымен қатар, маман «Шабдалы гүлі» секторының әр отбасы мүшесіне жекелей әсер ететінін айтып, бұл аймақты дұрыс ұстау бойынша кеңестерін бөлісті.
«Айталық, бір үйде анасы, әкесі және үш қызы тұрады делік. Әке-шешесі 30 жыл бойы тату-тәтті өмір сүруі мүмкін. Олар: «Байқап тұрмыз, әжетхана оңтүстікте тұрса да, бізде бәрі жақсы ғой» деуі ықтимал. Себебі ол әжетхана үй иелеріне емес, бәлкім, ортаншы немесе кенже қыздың «Шабдалы гүлі» секторына дәл келіп тұрған болуы мүмкін. Сол себептен бұл мәселеге мұқият болған абзал. Алматы қаласының энергиясы да осыған ұқсас: бұл шаһарда да тұрақсыз қарым-қатынастар жиі кездеседі. Құмар ойындарға берілу, жеке өмірде жолы болмауы немесе зиянды әдеттерге бой алдыру — осының бәрі фэншуй бойынша «Шабдалы гүлінің» бұзылуынан әрі ластануынан болады. Осы орайда бір пайдалы кеңес айта кетейін: «Шабдалы гүлі» секторына үлкен шкафтар мен ауыр дивандарды қоймаған жөн. Өйткені олар да өз салмағымен бұл сектордың энергиясын басып тастайды. Сондай-ақ, кейбір адамдарда бұл сектор киім бөлмесіне немесе қоймаға түседі. Егер ол жерлерді таза ұстамасаңыз, жеке өміріңізде де ретсіздік орын алады», — деді Ирина Раззах.
Бұдан бөлек, Ирина Раззах баспананың жоспарлануындағы кіреберіс есік пен әжетхананың қарама-қарсы орналасуы адамның ақша ағынына қалай әсер ететініне тоқталды.
«Тағы бір жиі айтылатын мәселе — кіреберіс есікке қарама-қарсы орналасқан әжетхана. 8-кезеңде салынған заманауи үйлерде мұндай жоспарлау аз. Ал 7-кезеңде, кеңес өкіметі кезеңінде салынған ескі үйлердің көбінде есіктен кірген бойда қарсы алдыңнан әжетхана шығатын. Сол заманда көпшілік адамдардың тұрмыс жағдайы нашар болды, тек бірен-сараны ғана жақсы тұрды. Адамдарда тоңазытқыш пен теледидардың өзі тапшы зат еді, үнтаспаға таласатын. Өйткені кіреберіс есікке қарама-қарсы орналасқан әжетхана — үйге кірген энергияның ағып кететін «тесігі» іспетті. Бұл — тек құр сенім емес, іс жүзінде дәлелденген құбылыс. Мұндай үйде тұратын адамдарда қаржы тұрақтамайды. Ақша табады, бірақ ол бірден несиеге, емделуге немесе күтпеген шығындарға ағып кетеді. Үйге кірген береке мен молшылық энергиясы бойға сіңбей, сыртқа шығып кете береді», — деді феншуй маман.
Соңғы жаңалықтар