Ғалым Жүсіпбек: Қандас ер адамдарда «дедовщина» деген ұғым жоқ

21.09.2026 11:57 Томирис САҒЫНДЫҚ
Ғалым Жүсіпбек: Қандас ер адамдарда «дедовщина» деген ұғым жоқ
110

Әлеуметтік теория зерттеушісі Ғалым Жүсіпбек қоғамдағы әлімжеттік себептері, кеңестік режимнің қазақ қоғамына тигізген салдары мен ашаршылық жылдарындағы халық қарсылығы туралы сараптамалық пікір білдірді. Ғалым өз сөзінде ұлттық болмыстың өзгеріске ұшырау себептерін талдап, тарихи деректерге сүйене отырып бірқатар өзекті мәселені көтерді. Бұдан бөлек, зерттеуші кеңес билігінің репрессиялық жүйесі мен халықтың бостандық жолындағы күресіне жан-жақты баға берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Ғалым Жүсіпбек бұл туралы "Мінбер" подкастында әңгімеледі. 

Әлеуметтік теория зерттеушісі қоғамдағы әлімжеттік пен «дедовщина» құбылысының пайда болу себептерін кеңестік жүйенің салдарымен байланыстырады. Оның айтуынша, дәстүрлі қазақ қоғамында үлкеннің кішіге қамқорлық жасау мәдениеті басым болған. Зерттеуші бүгінгі таңдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қоғамдық теңсіздіктерді ұлттық танымның деформацияға ұшырауының көрінісі ретінде сипаттайды.

«Бұл қандас ер адамдарда жоқ нәрсе. «Дедовщина» деген ұғым бар ғой, ол қандастар арасында кездеспейді. Себебі бұл – қазақ мәдениетіне, қазақтың көшпелі қоғамына жат құбылыс. Аға ешқашан ініге өктемдік немесе әлімжеттік жасамайтын. Керісінше, ағалық қамқорлық көрсетіп, көмектесетін. Қарасаңыз, Қазақстанда ашық айтылмай жүрген мәселелердің бірі – осы әлімжеттік пен «дедовщина». Ол әскерде де, басқа салада да, күнделікті өмірде де бар. Бұл біздегі ер адамдардың, қазақи ер азамат түсінігінің эрозияға ұшырауын көрсетеді. Бұл – өте үлкен проблема. Ол – әлеуметтік және отбасылық мәселе. Мысалы, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізінде де осы жатыр. Мектептерде де, университеттерде де әлімжеттік бар. Яғни біз кеңес одағында қалған қазақтар ретінде өте үлкен деформацияға ұшырадық, санамыз деформацияланып кетті», – деді ғалым.

Ғалым Жүсіпбек Кеңес Одағының шекарасынан тыс жерде өмір сүрген қазақтардың сана-сезімі мен болмысы бөлек сақталғанын атап өтеді. Шетелдегі қазақ диаспорасының қалыптасу тарихына тоқталған ол халықтың айтарлықтай бөлігі босқыншылыққа ұшырағанын айтады. 

«Ал сыртқа кеткен қазақтардың саны 1 миллионға жетуі мүмкін. Ондай нақты деректерді біз дөп басып білмейміз, 1 миллион немесе 500 мың болуы мүмкін. Сол, әсіресе кеңес одағынан тыс жерлерге, Монғолия мен Қытай сияқты елдерге ауған қазақтарда дәл Қазақстандағыдай сана деформациясы жоқ», – деді Ғалым Жүсіпбек.

Зерттеуші кеңестік кезеңдегі халықтың бостандық пен ар-намыс жолындағы күресін айғақтайтын тарихи деректерге назар аударады. Кеңес билігінің зорлық-зомбылығына қарсы халықтың жаппай көтеріліске шыққанын мысалдармен дәлелдейді. Сонымен бірге ол бұл қарсылықтардың тек мүлік қорғау емес, елдік пен бостандықты сақтау әрекеті болғанын баса айтады.

«Жоқ, бұл жерде «халық күреспеді» деу – өте үлкен қателік. Қазақстан бойынша өте нақты деректер бар. Мысалы, Таласбек Омарбеков ағамыздың осыған байланысты көптеген зерттеуі бар. Ол қай жылы қанша көтеріліс болғаны жөнінде арнайы зерттеулер жүргізді. Мен ол мәліметтерді біраз қарап шықтым, сұмдық мәліметтер! Бұл тіпті мынаны аңғартады: бағана Мамбет Қойгелдиев ағамыз айтқандай, көтеріліс – «Ата жолы» деген принцип. Яғни бүкіл тұрмыс-тіршілігіңіз соған байланысты болып отырған малыңызды тартып алса, оған қоса сізді тұқыртып, басқаша айтқанда, кемсітіп, адам ретінде қабылдамай, қыстауыңыздан айдап шығып, колхоз немесе концлагерь сияқты жерлерге апарып орналастырса, қалай көтеріліс жасамайсыз? Әрине, көтеріліс жасайсыз», – деді ғалым.

Әлеуметтік теория зерттеушісі тоталитарлық жүйенің ерекше қатігез репрессиялық аппаратына тоқталды. Ол халық күрессіз берілді деген пікірді тарихи шындықты бұрмалау деп есептейді. Сондай-ақ елде қалғандардың да, ауа көшкендердікі де үлкен тарихи трагедия болғанын атап өтеді.

«Жаңылыспасам, 317 немесе 357, әйтеуір 300-ден астам үлкен көтеріліс болған. Тіпті кейбір аймақтарда, соның ішінде Батыс Қазақстан мен Маңғыстау түбегінде кейбір аудандарда Кеңес билігін толықтай құлатып, халық өз билігін орнатқан. Тіпті хан сайлаған. Демек, бұл – халықтың тек «Малымды алып жатыр, қайтарыңдар» деген талабы ғана емес, өз келешегін көре білуі. Яғни «Біз бұл билікпен қалай өмір сүреміз, бұл билік бізге жат» деген түсінігі болған. Бұл нені көрсетеді? Бұл халықтың пәрменділігі мен субъектілігін көрсетеді. Одан кейін, Шығыс Қазақстанда да сондай аймақтар болған екен. Олар кеңестік билікті құлатып, белгілі бір уақытқа дейін өзінің басқару жүйесін орнатқан. Көтерілістер өте көп болды. Бірақ ойлап қараңызшы, егер ашаршылық бір жыл емес, екі жыл емес, үш-төрт-бес жылға созылса, халықта күресетін энергия да, адам да қалмайды ғой. Сонымен қатар мынаны да назарға алуымыз керек: кеңес одағының репрессиялық аппараты мен күші бұрын-соңды болмағандай ерекше қатігез болды. Олар бір адамды ғана емес, бүкіл әулетті жазаға ұшыратқан. Егер бір адам көтеріліске шықса, қазақтың дәстүрі бойынша оған інісі мен ағасы қосылады. Тіпті ондай болмаған күннің өзінде, Кеңес билігі көтерілісті басып-жаншыған кезде толықтай әулетті жазалап отырған. Не атып тастаған, не лагерьге айдаған. Ал лагерь дегеніміз – адамды біртіндеп жою жүйесі. Сондықтан «Олар күреспеді, кетіп қалды» деген сөз – толықтай жала әрі қолдан жасалған фабрикация. Бұған біз өте сақ болуымыз керек, өйткені бұл – тарихи шындықты бұрмалау. Сонымен бірге мынаны да ескерген жөн: ол кезде машина мен ұшақ жоқ еді. Адамдар Қазақстаннан тыс аймақтарға көшетін болса, оның өзі үлкен трагедия болды. Бірақ елде қалғандардың жағдайы одан да үлкен трагедия еді. Себебі олар аштан немесе ауыр жұмыстан өлетінін білді. Ал ауа көшкендердікі де өзінше трагедия болды. Өйткені жүздеген, мыңдаған шақырым қашықтыққа түйемен, жылқымен немесе жаяу кетті. Тіпті шекарадан өткен кезде қырылып қалғандар да аз болған жоқ», – деді әлеуметтік теория зерттеушісі.

Войдите, чтобы оставить комментарий