Ғалым: Имамдар ары кетсе 150 мың теңге жалақы алады

14.09.2026 14:29 Томирис САҒЫНДЫҚ
Ғалым: Имамдар ары кетсе 150 мың теңге жалақы алады
101

Қазақстандағы имамдардың әлеуметтік жағдайы, жалақы мәселесі және олардың қоғамдағы рөлі туралы белгілі шығыстанушы, түрколог ғалым Төрәлі Қыдыр пікір білдірді. Ғалым өз сөзінде дін қызметкерлерінің қаржылай қамтылу деңгейі мен төтенше жағдайлар кезіндегі атқаратын жұмысына тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ғалым "Қыпшақ қызы" подкастында әңгімеледі. 

Елімізде діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлек қарастырылуына байланысты жергілікті имамдарды қаржыландыру мәселесі өзекті болып қала береді. Ғалымның айтуынша, әсіресе ауылдық жерлердегі дін қызметкерлерінің жалақысы тұрақты емес.

«Ол кезде Аягөз бен Кеген аудандарында имамдарда айлық деген болмаған. Жалпы, ұлт пен руханият үшін еңбек етіп жүрген тұлғалардың бірі — бүгінгі имамдар. Бұлар тұрақты айлық алмайды. Ал жалақы алады деген күннің өзінде 75 мың — 100 мың теңге маңайында алатындары өте аз. Бізде «дін мемлекеттен бөлек» деп заңнамалық тұрғыда белгіленгендіктен, оларға ресми түрде мемлекеттік бюджеттен айлық төленбейді. Бірақ кейбір облыс әкімдіктері жағдай жасап, белгілі бір мөлшерде қаржылай қолдау тағайындауы мүмкін. Себебі шеткі ауылдарға имамдардың өзі бара бермейді, олардың да отбасы мен әлеуметтік мұқтаждықтары бар. Осы орайда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ішкі мүмкіндіктер арқылы артылған қаражатты сол ауыл имамдарының жалақысына бөліп беріп жатқанын айта кеткен жөн», — деді Төрәлі Қыдыр.

Сонымен қатар ғалым пандемия мен түрлі төтенше жағдайлар кезінде имамдардың халыққа көрсеткен көмегін миссиялық міндет ретінде бағалап, бұл бағыттағы қоғамдық жаңсақ пікірлерге жауап берді.

«Имам болу үшін үлкен рухани дайындық керек. Академик Рахманқұл Бердібаев мұндай тұлғаларды «фидаи» (өз ісіне берілгендер) деп атаған. Руханият саласында жүрген бұл азаматтар жоғары табыс таппайды. Қазіргі қоғамда исламофобтық көзқарастар да кездеседі. Алайда пандемия кезінде халық үйінде оқшауланып, жақындарын жерлеуге қаймыққан тұста, дәл осы имамдар алдыңғы шепте болып, марқұмдарды арулап жөнелтуге атсалысты. Сондай-ақ қандай да бір апатты жағдай орын алса, олар бірінші болып шатыр тігіп, жамағатымен бірге халыққа көмек көрсетеді. Бұл — олардың қызметінің көріне бермейтін жағы. Қоғамда мешіттерге миллиондап ақша түсіп жатыр деген түсінік бар, бірақ мен бұл жүйені ішінен көрген адам ретінде мұның шындыққа жанаспайтынын айта аламын. Тіпті кейбір мешіттердің жылу мен электр энергиясына төлейтін қаражаты тапшы болып жатады», — деді ғалым.

Жалақының төмендігі дін саласындағы кадрлардың басқа бағыттарға ауысуына ықпал етеді. Төрәлі Қыдыр өзінің де кезінде осы салада еңбек етіп, кейін ғылыми-академиялық ортаға ауысқанын атап өтті.

«Имамдардың ең жоғарғы жалақысы 150 мың теңге төңірегінде. Қалғаны — халықтың беретін садақасы мен қолдауы, сонымен күн көреді. Сондықтан кейбір мамандар басқа салаларға ауысып кетеді, ал кейбірі өз қалауымен қызметін жалғастыра береді. Мен де кейін бұл салада қалмай, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге оқуға түстім. Бесінші курста оқып жүргенімде ирантанушы ғалым, жазушы Өтеген Күмісбаев біздің ғылыми бағытымызды айқындауға ықпал етті. Негізінен дипломатия саласын таңдап, Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа тұруды жоспарлаған едім. Себебі шетел тілдерін меңгерген түлектердің көбі Сыртқы істер министрлігіне немесе Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қызметке орналасатын», — деп түйіндеді Төрәлі Қыдыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий