Ғалым Қазақстанды шикізат сатумен шектелмей, өз өндірісін дамытуға шақырды

30.09.2026 • 12:54 Қарақат АСЫЛОВА
Ғалым Қазақстанды шикізат сатумен шектелмей, өз өндірісін дамытуға шақырды
133
Коллаж Ulysmedia.kz

Қазақстан мыс өндіріп, оны шикізат күйінде сатумен шектелмеуі керек. Ел ішінде өңдеп, дайын өнім шығаруға жағдай жасау қажет, деп есептейді ғалым Өмірсерік Байгенженов. Ол Facebook парақшасында мыс концентратын өңдеу тарифін есептеу әдістемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Байгенженов Satbayev University жанындағы О.А. Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институтының «Металлургия және пайдалы қазбаларды байыту» кафедрасында профессор болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, бұл талқылау бір қызметтің бағасынан әлдеқайда маңызды мәселені қозғап отыр.

«Әңгіме Қазақстанның мыс өнеркәсібін қалай дамытқысы келетіні туралы болып отыр. Біз кен өндіріп, концентрат экспорттаумен шектелеміз бе, әлде оны одан әрі өңдейтін өндірістерді ел ішінде дамытамыз ба?» деп жазды ғалым.

Ол 2026 жылы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне мыс концентратын өңдеу тарифін есептеу әдістемесін әзірлеп, бекіту өкілеттігі берілгенін атап өтті. Ғалымның пікірінше, бұл қадам жер қойнауы халыққа тиесілі деген конституциялық қағидамен сабақтас.

«Бұл шикізат экспортына тыйым салу деген сөз емес. Табиғи ресурстар елге кен өндіруден түсетін табыспен ғана емес, өңдеу, инвестиция, жұмыс орындары және өнеркәсіпті дамыту арқылы да пайда әкелуі керек», деп түсіндірді ол.

Байгенженов «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңда шикізатқа тәуелділікті азайтып, оны терең өңдеу мақсаты қойылғанын, ал 60-бапта өңдеуші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз ету тетігі қарастырылғанын еске салды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылы терең өңделген өнім шығару шикізат экспортынан коммерциялық тұрғыдан тартымды болуы керек деген міндет қойғанын келтірді.

Талқылаудағы негізгі мәселенің бірі әлемдік нарықтағы концентратты өңдеу ақысына, яғни TC көрсеткішіне қатысты. Ғалым Халықаралық энергетика агенттігінің дерегіне сүйеніп, 2026 жылға арналған жылдық бағдарлы ақы тоннасына 0 доллар болып белгіленгенін, ал жекелеген мәмілелердегі көрсеткіш 2024 жылдан бері теріс мәнде тұрғанын жазды.

Мұның себебі өңдейтін зауыттар мен қолжетімді шикізат көлемінің арақатынасында жатыр. Концентрат жетпегенде зауыттар оны алу үшін бәсекелесіп, өңдеу ақысын төмендетеді. Ғалым келтірген дерек бойынша, 2005 жылдан бергі әлемдік мыс балқыту қуаты өсімінің 90%-дан астамы Қытайға тиесілі. 2025 жылы оның үлесі әлемдік қуаттың шамамен жартысына жеткен.

«Алайда металлургиялық кәсіпорынның электр энергиясына, қызметкерлерге, жөндеуге, экологиялық шаралар мен жаңғыртуға жұмсайтын шығыны жоғалып кетпейді. Сондықтан әлемдік TC нарықтағы бағдар болғанымен, оны өңдеудің өзіндік құны деп қабылдауға болмайды», деп жазды Байгенженов.

Оның айтуынша, алтын, күміс, күкірт қышқылы секілді қосымша өнімдерден түсетін ақшаны да таза пайда санау қате. Оларды өндіруге жабдық, энергия және қаражат қажет. Агенттік мұндай өнімдерге тәуелділік артқанда, олардың құбылмалы бағасы зауыт табысына көбірек әсер ететінін атап өткен.

Ғалым тарифте зауыттарды жаңартуға кететін инвестицияны ескеруді қолдайды. Дегенмен әр шығын нақты кәсіпорынмен және жобамен байланысты болып, құжатпен расталуы, қаржының қайтарылатын мерзімі анық көрсетілуі керек дейді.

«Өңдеу құны қолмен реттелмей, тексеруге болатын шығындарға сүйенген ортақ әрі ашық формуламен есептелуі керек», деп санайды ол.

Байгенженов кен өндірушілердің де өңдеу шығынын азайтып, тиімді нарықты таңдау мүддесі ескерілуі қажет екенін айтты. Ереже өзара байланысты компанияларға да, тәуелсіз жеткізушілерге де бірдей болуы тиіс.

«Түптеп келгенде, әңгіме бүгінгі пайданы нарық қатысушылары арасында бөлісу туралы емес. Әңгіме Қазақстанның келер ұрпаққа қандай өнеркәсіп қалдыратыны туралы», деп түйіндеді ғалым.

Байгенженов Өмірсерік Сабыржанұлы, Ph.D., металлургия және пайдалы қазбаларды байыту кафедрасының профессоры, О.А. Байқоңыров атындағы тау-кен металлургия институты 2015, 2019 және 2023 жылдары талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері. 2020 жылдың үздік ЖОО оқытушысы. Хирш индексі - 20, рецензияланатын журналдарда 50 жарияланымның авторы.

Айта кетейік, ол бұған дейін Қазақстан мыс кенін өндірумен шектелмей, оны ел ішінде өңдеп, дайын өнім шығаруды дамытуы керектігін айтқан еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий