2027 жылы сәби сүйетіндерге жақсы жаңалық: не өзгереді?
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жүктілікке және босануға байланысты берілетін ең жоғары төлем мөлшері 29,4%-ға өседі. Қалыпты босану кезіндегі максималды төлем қазіргі 2,5 млн теңгенің орнына 3,23 млн теңгені құрамақ, деп хабарлайды Politico.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұл өсім ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерінің 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтерілуіне байланысты жүзеге асырылады.
Төлем қалай есептеледі?
Декреттік төлемдерді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры төлейді. Оны жұмыс берушісі немесе өзі әлеуметтік аударымдар жасап отырған жұмыс істейтін әйелдер ала алады. Сондай-ақ мұндай төлем жаңа туған сәбиді асырап алған кезде де тағайындалады.
Төлем мөлшері декретке шығар алдындағы соңғы 12 айдағы орташа айлық табысқа байланысты есептеледі. Алайда ай сайынғы табыстың жеті ең төменгі жалақыдан аспайтын бөлігі ғана есепке алынады. Қазір бұл шек 595 мың теңге болса, 2027 жылдан бастап 770 мың теңгеге дейін ұлғаяды.
Бұл табыс декреттік демалыстың ұзақтығына қарай белгіленген коэффициентке көбейтіледі:
- Қалыпты босану кезінде демалыс 126 күнге созылады, коэффициент – 4,2. Бұл жағдайда ең жоғары төлем 2,5 млн теңгеден 3,23 млн теңгеге дейін өседі.
- Асқынған босану немесе екі және одан да көп бала туған кезде демалыс 140 күнге беріледі, коэффициент – 4,67. Мұнда максималды сома 2,78 млн теңгеден 3,6 млн теңгеге дейін артады.
Бұл – 10% міндетті зейнетақы жарналары ұсталғанға дейінгі сомалар. Ал әйелдің қолына таза тиетін ең жоғары төлем қалыпты босану кезінде 2,91 млн теңгеге дейін, асқынған немесе көпұрықты босану кезінде 3,24 млн теңгеге дейін жетеді.
Жалақы белгіленген шектен жоғары болса не істеу керек?
Егер әйелдің айлық табысы жеті ең төменгі жалақыдан көп болса, айырмашылықты жұмыс беруші өз тарапынан төлей алады. Мұндай қосымша төлемді еңбек немесе ұжымдық шартта (орташа жалақының толық мөлшеріне дейін) алдын ала бекітуге болады.
Құжат ресімдеу үшін табыс туралы анықтама жинаудың қажеті жоқ, еңбек өтілі мен аударымдар туралы мәліметтер мемлекеттік деректер қорынан автоматты түрде алынады. Дәрігер электронды еңбекке жарамсыздық парағын (жүктіліктің 30-аптасынан бастап) рәсімдегеннен кейін болашақ анаға төлем тағайындау туралы SMS-хабарлама келеді. Өтінішті еңбекке жарамсыздық парағы берілген күннен бастап 12 ай ішінде eGov.kz порталы, банк қосымшалары немесе ХҚКО арқылы беруге болады.
Айта кетейік, 2026 жылдың алғашқы он айында жүктілікке және босануға байланысты төлемді 130,1 мың әйел алып, оларға жалпы сомасы 144,6 млрд теңге аударылған.
Еске сала кетейік, 2027 жылдан бастап Қазақстанда 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төлем беру ережелері де өзгереді. Жұмыс істейтін аналар үшін төлем бұрынғы тәртіппен сақталады, ал жұмыс істемейтін аналарға жәрдемақы отбасы мұқтаж деп танылған жағдайда ғана беріледі. Сонымен қатар 2027 жылдан бастап бала күтімі бойынша жәрдемақыны тек анасы ғана рәсімдей алады – әкелерге мұндай демалыс үшін төлем жасалмайды.
Соңғы жаңалықтар