Алматыда ер адам танысын өлтіріп, мәйітін жертөлеге жасырған
Алматы қаласында спирттік ішімдік ішу кезінде танысын өлтірді деген күдікпен жергілікті тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Полиция мәліметінше, Медеу ауданында болған ауыр қылмыс ізі суымай ашылған. Оқиға жеке тұрғын үйдегі ортақ отырыс барысында орын алған:
«Отырыс кезінде екі ер адамның арасында жанжал туындаған. Ерегіс қызған сәтте 50 жастағы үй иесі пышаққа жармасып, 45 жастағы танысына өлімге әкеп соққан жарақат салған. Істеген ісін түсінген күдікті қылмысты жасыруға тырысып, марқұмның денесін осы үйдің жертөлесіне жасырып қойған. Алайда қылмыс ізін жасыруға оның мүмкіндігі болмады», — делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында патрульдік полиция экипаждары күдіктіні қолға түсірді. Оқиға орнынан қылмыс қаруы тәркіленді.
Қазіргі таңда кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Соңғы жаңалықтар