Әлихантанушы: Қазақтардың саны өзбектердікіндей 34 есе өссе, қазір 140 млн болар едік
Әлихантанушы-ғалым, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтанхан Аққұлұлы Жүсіп кеңес одағы заманындағы қазақ халқының жай-күйі туралы әңгімеледі, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол тележүргізуші Гүлбаршын Заирға берген сұқбатында айтты.
«1989 жылға дейін Кеңес Одағында 140,7 миллион халық қырылды. Оның ішінде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қанша адамның қаза тапқанын білесіздер: ресми есеп бойынша 44 миллион адам қырылған. Осы орайда "Кім зұлымдырақ, кім қатігез еді: Гитлер ме әлде Сталин бе?" деген сұрақ туындайды. Ал қазақ халқына келер болсақ, 1897 жылы Ресей империясында жүргізілген алғашқы халық санағында, қазақтар толық қамтылмаса да, есепке ілінгендердің саны 4 миллион 84 мың адамды құрады», — деді Сұлтанхан Аққұлұлы Жүсіп.
Ғалымның айтуынша, сол кездегі өзге халықтардың саны мынадай еді:
- өзбектер — 726 мың;
- түркімендер — 268 мың;
- қырғыздар — 201 мың;
- қарақалпақтар — 104 мың адам.
Бұл халықтардың барлығы отырықшы болғандықтан, санаққа толық кірді. Ал қазақтардың санақтан тыс қалу себебі мынада:
- Малын есепке жазғызса — "подчѐтникке" кіріп, салық өседі деп қорықты.
- Жерін жасырды — себебі ол кезде жер байлардікі емес, тұтас рудың ортақ меншігі саналатын. Егер жер түгел есепке алынса, салық салынып, шектеу қойылады деп ойлады.
- Баласын жасырды — баласы да, өзі де, малы мен жері де салыққа ілінбесін деген ниет болды.
Дегенмен есепке ілінген 4 миллион 84 мың қазақтың өзі Орта Азияны мекендеген өзге халықтардың (өзбек, қырғыз, түркімен) жиынтық санынан екі есе көп еді.
1897 жылдан бері 130 жылдан астам уақыт өтті. 2018 жылғы дерекке сүйенсек, осы аралықта:
- өзбектер — 34,2 есе;
- қырғыздар — 22,4 есе;
- түркімендер — 14,7 есе өсті.
Ал қазақтар бары-жоғы 3,3 есе ғана өсті.
«1897 жылғы және 1907 жылғы Көкшетау уезіндегі қайта санаққа Әлихан Бөкейханов тікелей қатысқан еді. 1907 жылы Ақмола облысы, Көкшетау уезінде қайта санақ жүргізілгенде, патша шенеуніктері таңғалысқан. Себебі қазақтың табиғи өсімі дүниежүзі бойынша ең жоғары көрсеткішті көрсетті: Бүкіл Ресей империясында халықтың өсім коэффициенті 1,55 болса, қазақтарда бұл көрсеткіш 2,5-ке жеткен. Егер қазақ халқы өзбектер сияқты 34,2 есе өскенде, бүгінде санымыз 140 миллионға жетер еді. Түркімендер сияқты 14,7 есе өссек — 60 миллион, ал қырғыздар сияқты 22,4 есе өскеңде — 100 миллион болар едік. Мәселен, 1926 жылы Мұстафа Кемал Ататүрк Түркия Республикасын құрғанда, ел халқының саны бары-жоғы 6 миллион еді. Ал бүгінде Түркия халқы 90 миллионға жетті. Кеңес Одағы заманында қазақтың көрмеген қорлығы жоқ», — деді Сұлтанхан Жүсіп.
Соңғы жаңалықтар