Геосаяси тепе-теңдік және ұлттық мүдде: Қазақстанның көпвекторлы саясатының маңызы мен болашағы
Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның сыртқы саяси бағыты мен ұлттық мүддесін қорғау мәселесі сарапшылардың басты назарында тұр. Отандық саясаттанушылар Тәуелсіздік жылдарынан бастау алған көпвекторлы дипломатияның мәні мен оның ел болашағы үшін маңызына қатысты Politico.kz тілшісіне өз пайымын білдірді.
Олардың пікірінше, бұл саяси бағыт еліміздің егемендігін нығайтуға және әлемдік аренадағы позициясын бекемдеуге негіз болды. Төменде белгілі сарапшылардың көпвекторлық саясаттың тарихи негіздері, экономикалық тиімділігі мен стратегиялық болашағы туралы ой-толғамын ұсынамыз.
«Көпвекторлы дипломатия – Қазақстанның ұлттық мүддесінен туындаған саналы таңдауы»
Фото: Бөтакөз Шәкееваның жеке архивінен
Саясаттанушы Бөтакөз Шәкееваның айтуынша, көпвекторлы саясаттың тарихи тамыры мен ұлттық мүдденің қалыптасу мәні тереңде жатыр. Қазақ хандығы кезеңінен басталған дипломатиялық дәстүр еліміздің қауіпсіздігі мен дербестігін сақтаудың басты құралы болды. Осы орайда ұлттық мүдде мен геосаяси жағдайдың өзара байланысы айырықша маңызға ие болып тұр.
«Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатты тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ұстана бастаған жоқ. «Көпвекторлы саясат» деген ұғымның өзі қазіргі кезеңде қалыптасқанымен, оның мазмұнына жақын дипломатиялық тәсілдер сонау Қазақ хандығы тұсында да болған.
Қазақ хандары елдің қауіпсіздігі мен дербестігін сақтау үшін көршілес мемлекеттермен әртүрлі бағытта қарым-қатынас орнатуға тырысты. Өйткені кез келген мемлекеттің сыртқы саясаты ең алдымен ұлттық мүддеге негізделуі тиіс. Ал ұлттық мүдде сол мемлекеттің геосаяси жағдайын ескере отырып жүзеге асырылады.
Ұлттық мүдде дегеніміз – мемлекеттің егемендігін, аумақтық тұтастығын, қауіпсіздігін, экономикалық дамуын және азаматтарының әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған ұзақ мерзімді мақсаттар. Алайда іс жүзінде ұлттық мүдде басқа мемлекеттердің мүдделерімен, ірі державалар арасындағы бәсекелестікпен, экономикалық тәуелділікпен және өңірлік қауіпсіздік мәселелерімен үнемі бетпе-бет келіп отырады.
Сондықтан кез келген мемлекет өзінің сыртқы саясатын қалыптастырған кезде географиялық орналасуын, экономикалық мүмкіндіктерін және айналасындағы саяси жағдайды ескеруге мәжбүр», – деді Ботакөз Рақымбекқызы.
Саясаттанушының пікірінше, Қазақстанның географиялық орналасуы сыртқы саясатта әртүрлі бағытты қатар дамытуды талап етеді. Еліміз ірі державалардың ортасында орналасқандықтан, халықаралық ынтымақтастықты әртараптандыру өмірлік қажеттілікке айналды. Мұндай саясат елдің дипломатиялық икемділігін арттырып, саяси тәуелсіздігін қамтамасыз етеді.
«Қазақстан жағдайында бұл мәселе ерекше маңызға ие. Өйткені еліміз Ресей мен Қытай сияқты ірі державалардың ортасында орналасқан.
Қазақстанның әлемдік мұхитқа тікелей шығатын жолы жоқ, ал негізгі сауда және транзиттік бағыттары көрші мемлекеттердің аумағы арқылы өтеді. Сонымен қатар еліміз Еуропалық одақпен, АҚШ-пен, Түркиямен, Орталық Азия және Таяу Шығыс елдерімен экономикалық әрі саяси байланыстарын дамытуға мүдделі.
Осындай геосаяси жағдайда Қазақстан үшін сыртқы саясаттың бірнеше бағытын қатар алып жүру жай ғана саяси ұстаным емес, объективті қажеттілік. Кейде көпвекторлы саясатты барлық мемлекетпен бірдей деңгейде қарым-қатынас жасау немесе халықаралық мәселелер бойынша нақты ұстаным білдірмеу деп түсінеді.
Бірақ оның мәні басқаша. Қазақстан жағдайында көпвекторлы саясат – әртүрлі мемлекеттермен ынтымақтастықты Қазақстанның ұлттық мүддесіне сәйкес құру. Бір елмен энергетика саласында, екінші елмен сауда және логистика бағытында, үшінші мемлекетпен технология, білім немесе инвестиция саласында тиімді серіктестік орнатуға болады.
Мұндай саясат Қазақстанның бір ғана бағытқа немесе бір ғана серіктеске шамадан тыс тәуелді болып қалмауына мүмкіндік береді», – деді профессор.
Ботакөз Шәкееваның айтуынша, көпвекторлы дипломатия халықаралық аренада еліміздің беделін биіктетіп, бейбітшілік сүйгіш мемлекет ретінде танытты. Аймақтық және ғаламдық мәселелерді келіссөздер арқылы шешу ұстанымы Қазақстанның тиімді сыртқы саяси стратегиясын айқындайды. Бұл бағыт мемлекеттің экономикалық тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің кепіліне айналды.
«Осы саясат Қазақстанның халықаралық беделінің қалыптасуына да елеулі ықпал етті. Қазақстан өзін халықаралық мәселелерді күш қолдану арқылы емес, келіссөз бен өзара түсіністік негізінде шешуді қолдайтын мемлекет ретінде көрсете алды.
Ядролық қарудан бас тартуы, халықаралық диалог алаңдарын ұсынуы және әртүрлі мемлекетпен тұрақты байланыс орнатуы еліміздің бейбітшілікке мүдделі мемлекет ретіндегі беделін нығайтты. Ең бастысы, Қазақстан бір-бірімен күрделі қарым-қатынастағы мемлекеттермен де диалог жүргізу мүмкіндігін сақтап отыр.
Сондықтан да Қазақстанның көпвекторлық саясаты ол біздің еліміздің рационалды әрі саналы таңдауы. Ол еліміздің геосаяси жағдайынан туындайды және халықаралық беделімізді арттыруға, сыртқы қысымды азайтуға, бейбітшілікті сақтауға және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бірақ бұл саясаттың негізгі мақсаты барлық тарапқа бірдей ұнау емес, әртүрлі мемлекеттермен қарым-қатынаста Қазақстан үшін барынша тиімді нәтижеге қол жеткізу болуы тиіс», – деді сарапшы.
Қазіргі геосаяси үдерістер Қазақстанға аймақтық ынтымақтастықты тереңдетуге және көлік-логистикалық мүмкіндіктерді дамытуға жаңа жол ашады. Орталық Азия елдерімен ортақ мәселелерді бірлесіп шешу және транзиттік әлеуетті іске асыру маңызды міндет болып отыр. Осы бағыттарды дамыту отандық өндірістің өркендеуіне берік негіз қалайды.
«Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда көпвекторлы саясат Қазақстанға жаңа мүмкіндіктер мен тиімді серіктестіктерге жол ашады.
Менің ойымша, соның ішінде ең маңыздысы – Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты күшейту. Себебі су ресурстары, энергетика, сауда, көлік, экология және қауіпсіздік мәселелері бүкіл аймаққа ортақ. Әсіресе трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану бойынша көрші мемлекеттермен ұзақ мерзімді келісімдерге қол жеткізу еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Екінші мүмкіндік деп Қазақстанның көлік және логистикалық әлеуетін дамыту деп ойлаймын. Қазіргі кезде әлем елдері тауар тасымалдаудың қауіпсіз әрі балама жолдарын іздеп жатыр. Қазақстан Еуропа мен Азияның ортасында орналасқандықтан, Транскаспий бағыты мен Солтүстік – Оңтүстік дәлізін дамыту арқылы маңызды транзиттік орталыққа айнала алады.
Бірақ біз тек транзиттік аумақ болып қалмауымыз керек. Көлік дәліздерінің бойында логистикалық орталықтар, өңдеу кәсіпорындары мен индустриялық аймақтар ашылса, бұл жаңа жұмыс орындарын құрып, отандық өндірістің дамуына ықпал етеді», – деді Ботакөз Шәкеева.
Профессор сыртқы сауда бағыттарын әртараптандыру және шикізаттық емес экспортты ұлғайту мемлекеттің басты басымдықтарының біріне айналғанын атап өтті. Шетелдік инвестициялар мен озық технологияларды тартып, жергілікті өндірісті өркендету қажет. Географиялық артықшылықтарды ұтымды пайдалану елдің тұрақты дамуына кепілдік береді.
«Сонымен қатар көпвекторлы саясат экспорттық нарықтарды әртараптандыруға мүмкіндік береді. Қазақстан мұнай, уран, металл және ауыл шаруашылығы өнімдерін бір ғана нарыққа немесе тасымалдау бағытына тәуелді етпеуі қажет.
Дәстүрлі серіктестермен байланысты сақтай отырып, жаңа нарықтарға шығу маңызды. Бұған қоса, шикізатты сол күйінде сатпай, елімізде өңдеп, дайын өнім ретінде экспорттауға басымдық берілуі тиіс. Осы бағытта Қазақстан Еуропалық одақпен, Қытаймен, АҚШ-пен, Түркиямен, Оңтүстік Кореямен, Жапониямен және Парсы шығанағы елдерімен технология, инвестиция, өндіріс және білім салаларындағы серіктестікті дамыта алады.
Алайда шетелдік инвестиция тек табиғи ресурстарды өндіруге емес, жаңа технология енгізуге, кәсіпорындар ашуға және жергілікті мамандарды даярлауға бағытталуы қажет. Демек, көпвекторлы саясат Қазақстанға ірі державалар арасында тепе-теңдікті сақтай отырып, әр мемлекетпен ұлттық мүддеге сай байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Бұл жерде ең бастысы еліміздің географиялық орналасуын, табиғи ресурстарын және халықаралық байланыстарын экономиканы дамытуға тиімді пайдалану деп санаймын. Сонда бұл саясат Қазақстанның қауіпсіздігін нығайтып, жаңа нарықтарға шығуына және тұрақты серіктестіктер қалыптастыруына нақты жағдай жасайды», – деп қорытындылады Ботакөз Шәкеева.
«Тұрақты дипломатия – шетелдік инвестиция мен экономикалық дамудың кепілі»
Фото: Әлібек Абдрахмановтың жеке архивінен
Саясаттанушы Әлібек Абдрахмановтың пікірінше, көпвекторлы бағыт халықаралық аренада мемлекеттің дербестігі мен саяси позициясын бекемдеуге қызмет етеді. Оның басты артықшылығы түсіністікке негізделген және өзара тиімді диалог жүргізу қабілетінен көрінеді. Бұл тәсіл сыртқы саяси тәуекелдерді азайтып, аймақтық тұрақтылықты нығайтады.
«Менің ойымша, көпвекторлы сыртқы саясат Қазақстанның халықаралық аренадағы позициясын нығайтудың маңызды құралдарының бірі болып отыр. Оның басты артықшылығы әртүрлі күш орталықтарынан бірдей қашықтықты сақтауда емес, ұлттық мүдделерімізді қорғай отырып, өзара тиімді ынтымақтастыққа ашық болуда.
Қазақстан түрлі мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастарын дәйекті түрде дамытып, олардың арасында елеулі геосаяси қайшылықтар болған жағдайда да сындарлы диалог жүргізуге ұмтылып келеді. Мұндай тәсіл Қазақстанның дербес, болжамды және ынтымақтастыққа ашық мемлекет ретіндегі беделін қалыптастыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар дипломатиялық әдістерді, дауларды бейбіт жолмен шешуді және диалогты сақтауды ұстану сыртқы саяси тәуекелдерді төмендетуге және өңірлік әрі халықаралық тұрақтылықты сақтауға өз үлесін қосуға мүмкіндік береді», – деді Әлібек Абдрахманов.
Саясаттанушы тұрақты сыртқы саяси бағыт шетелдік инвестицияларды тартып, халықаралық сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік беретінін айтты. Әлемдегі күрделі геосаяси жағдайларда экономиканы әртараптандыру мәселесі айрықша мәнге ие. Ұлттық мүддені дәйекті қорғау бұл бағыттың алдағы тиімділігін айқындайды.
«Көпвекторлы саясаттың экономикалық маңызы да айтарлықтай. Ел ішіндегі тұрақтылық пен болжамды сыртқы саясаттың үйлесуі шетелдік инвестицияларды тартуға, сауданы дамытуға және халықаралық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасайды.
Қазіргі жағдайда көпвекторлылықтың маңызы одан әрі артып отыр: ол сыртқы экономикалық байланыстарды әртараптандыруға және белгілі бір бағытқа шамадан тыс тәуелді болу тәуекелін азайтуға мүмкіндік береді. Алайда ірі державалар арасындағы қарама-қайшылық күшейген сайын мұндай саясатты жүргізу де күрделене түседі.
Сондықтан көпвекторлы бағыттың алдағы тиімділігі Қазақстанның әртүрлі серіктестермен ынтымақтастықты сақтай отырып, өзінің ұлттық мүдделерін дәйекті түрде қорғай білуіне байланысты болады», – деді Әлібек Абдрахманов.
Саясаттанушының айтуынша, көпвекторлық елдің өндірістік және технологиялық дамуына берік негіз болмақ. Түрлі мемлекетпен ынтымақтасу арқылы заманауи технологияларды енгізу және отандық білікті мамандарды даярлау жүзеге асады. Бұл бағыт шикізаттық емес секторды дамытып, ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
«Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда көпвекторлы саясат Қазақстан үшін экономикалық серіктестер шеңберін кеңейтіп қана қоймай, инвестициялар мен заманауи технологияларды тартуға және жаңа өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді.
Қытай, Еуропалық одақ, АҚШ, Ресей, Орталық Азия мемлекеттерімен және басқа да серіктестермен ынтымақтастық Қазақстанға әртүрлі экономикалық және технологиялық орталықтармен байланыс орнатуға жол ашады. Бұл ретте мұндай ынтымақтастықтың нәтижесі тек шетелдік капиталдың келуімен шектелмеуі тиіс.
Өндірісті жергіліктендіру, технологиялар трансфері, білікті мамандар даярлау және еліміздің өзіндік технологиялық құзыреттерін біртіндеп қалыптастыру маңызды. Бұл әсіресе Қазақстан экспортының құрылымында шикізат тауарларының үлесі әлі де жоғары екенін ескергенде маңызды.
Табиғи ресурстар елімізге елеулі экономикалық артықшылықтар береді, алайда ұзақ мерзімді перспективада экономиканың тұрақтылығы қосылған құны жоғары өнімдер өндіруге және бәсекеге қабілетті отандық өндірістерді дамытуға байланысты болады. Сондықтан көпвекторлы саясаттың маңызды мүмкіндіктерінің бірі ретінде мен әртүрлі серіктестермен ынтымақтастықты еліміздің технологиялық және өндірістік жаңғыруына тиімді пайдалануды қарастырамын.
Мұндай жағдайда көпвекторлылық Қазақстанның сыртқы саяси позицияларын нығайтып қана қоймай, елдің ұзақ мерзімді дамуы үшін берік экономикалық негіз қалыптастыруға да ықпал етеді», – деді саясаттанушы.
«Әлемге ашық болу – мемлекет егемендігін сақтаудың басты стратегиясы»
Фото: inform.kz
Саяси шолушы Ғазиз Серікұлы Әбішевтің айтуынша, күрделі геосаяси ахуал кезеңінде көпвекторлы стратегияны ұстану мемлекеттің егемендігін сақтауға мүмкіндік береді. Біржақты саяси бағыт ұстану елдің сыртқы ықпалдарға тәуелділігін арттыруы мүмкін. Өзара тиімді байланыстар орнату мемлекеттің дербес шешім қабылдау құқығын сақтайды.
«Көпвекторлы саясат – өте маңызды құрал деп ойлаймын. Өйткені қазіргі таңда геосаяси ахуал күрделеніп тұр: үлкен державалар мен елдер бір-бірімен қақтығысып жатыр.
Егер біз нақты бір елмен ғана достасып, басқа елдермен серіктес болмаймыз десек, онда өзге әріптестеріміз бізді болашақта құрметтемейтін болады. Олар: «Қазақтар тек бізбен тығыз жұмыс істеп, басқалармен байланыс орнатпайды, сондықтан олар біздің ырқымызда» деп ойлап, өз мүддесіне сай саясат жүргізуі мүмкін. Ал бұл, әрине, біз үшін тиімсіз», – деді Ғазиз Әбішев.
Сарапшының пікірінше, әлемдік қауымдастықпен ашық әрі тең дәрежелі қарым-қатынас жасау Қазақстанның стратегиялық басымдығына айналып отыр. Түрлі саяси орталықтармен тиімді серіктестік орнату елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын арттырады. Бұл тәсіл мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуын камтамасыз етеді.
«Сол себепті, барлық мүмкіндікті пайдаланып, әртүрлі елдермен – Ресей, Қытай, Сауд Арабиясы, Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ және Батыс Еуропамен ынтымақтастық орнатсақ, бұл біз үшін өте пайдалы болады. Сондықтан біз әлемге ашық болуымыз керек. Бұл – біз үшін өте тиімді әрі пайдалы стратегия», – деді Ғазиз Серікұлы.
Соңғы жаңалықтар