Блогер Жанәбіловтердің үйіндегі жанжалдан соң полиция шара қолданды

01.10.2026 • 12:45 Мөлдір ҚАЙНАР
Блогер Жанәбіловтердің үйіндегі жанжалдан соң полиция шара қолданды
271
Фото: instagram.com/zhanabylov_e/

Танымал блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың шаңырағында тұрмыстық жанжал шығып, оқиға орнына полиция қызметкерлері келді, деп хабарлайды  Politico.kz.

30 қыркүйек күні кешке Эльмира Төлегенова күйеуімен ажырасатынын мәлімдеп, одан қашып, гардероб бөлмесіне кіріп тығылған сәтін желіге жариялаған. Оның айтуынша, күйеуі ағаларымен бірге бөлмеге басып кіріп, телефонын тартып алмақ болған.

«Ол менің жеке заттарымды, телефондарымды тартып алады. Сол үшін гардеробқа кіріп, есікті ішінен жауып алдым, қазір осында отырмын», – деп жазды блогер.

Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, желіге жүргізілген мониторинг кезінде блогердің шағымы сағат 22:22 шамасында анықталып, тәртіп сақшылары дереу көрсетілген мекенжайға барған. Тексеру барысында жұбайлар арасында жанжал шығып, Ерболат Жанәбілов әйелінің телефонын тартып алып, жариялаған стористерін өшіріп тастағаны белгілі болды.

Әйелі ресми арыз жазудан бас тартқанына қарамастан, полиция Ерболат Жанәбіловқа қатысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясында құқыққа қайшы әрекет жасағаны үшін әкімшілік хаттама толтырды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, іс сотқа жолданды.

Сондай-ақ блогердің бұған дейін, яғни 28 тамызда пробациялық бақылау талаптарын бұзып, түнгі сағат 22:00-ден кейін үйінде болмағаны анықталған. Аталған заңбұзушылық бойынша да материалдар сот қарауына жіберілді. Медициналық сараптама Эльмира Төлегенованың сау екенін растады.

Кейінірек Эльмира Төлегенова жаңа жазба қалдырып, күйеуі тарапынан ұрып-соғу әрекеттері болмағанын айтты:

«Қол көтеру болған жоқ. Жұрт солай ойлап қалуы мүмкін. Мен гардеробқа Ерболат екінші телефонымды тартып алмақ болғандықтан ғана тығылдым», – деп түсіндірді ол.

Қазіргі уақытта блогер балаларымен және жақындарымен бірге үйде екенін, жұбайымен ресми түрде ажырасу процесі жүріп жатқанын жеткізді. Ол оқиғаның толық мән-жайын алдағы уақытта бөлісуге уәде етті.

Войдите, чтобы оставить комментарий