«Әскерден мүгедек болып оралды»: Төсекке таңылған сарбаздың ата-анасы ресми диагнозға сенбейді
Шымкентте әскерден елге оралуына бір ай ғана қалғанда ауруханаға түсіп, арбаға таңылған Өмірбек Сұлтанмұратовтың жақындары әділдік іздеп шырылдап жүр. Дәрігерлер жас жігіттің басына шұғыл ота жасап, оған «менингит» деген диагноз қойғанымен, ата-анасы ұлының әскерде соққыға жығылғанына сенімді, деп хабарлайды Politico.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеп.
18 жасында өз еркімен Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған Өмірбек Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөлімінде Ұлттық ұлан сапында қызмет еткен. Жақындары оның жағдайы туралы тек комаға түскенде ғана бір-ақ білген. Ауруханаға дереу жеткенімен, туыстарына жігітті екі апта бойы көрсетпеген көрінеді.
«Ауырса баланы әскерден неге қарамайды? Сап-сау кетті ғой бұл. Кейін естісем, командирлеріне “ауырып жатырмын” деп айтқан екен. “Дәрігерге апарыңдаршы” десе, апармапты. Әбден комаға түскен кезінде ғана жеткізген. Сонда олар бала өлгенше қарап отыра бере ме? Бұл – қатты соққы жеген бала. “Түзелмейді” деді. Бұл бала гайморит те болмаған. Гайморит болса, түзеліп кетер еді», – дейді сарбаздың анасы Мәдина Шұқамбаева.
Анасының сөзінше, Өмірбектің орнынан тұрып, сөйлегісі келеді, бірақ оған әлі дәрмені жоқ. Ал дәрігерлер ота жасамағанда бәрі басқаша болар еді.
Бала күнінен әскери қызметкер болуды армандап, спортпен шұғылданған тепсе темір үзетін кенже ұлын өз қолымен әскери комиссариатқа апарған әкесі де өкінішін жасырмайды.
«Өзім апарып бергеніме өкінемін. Қолынан ұстап әскери комиссариатқа апармауым керек еді. Олардың үйреніп алған сөзі — “еркексің”. Бүйтіп еркек болмай-ақ қойсын! Барлық ата-ананы шырылдатып қойды. 3,5 жыл болды сал болып жүргенімізге. Кім жәрдем береді? 850 мың теңге сақтандыру ақшасын қолыңа ұстата салады да, барлық ауыртпалықпен өзіңді-өзің қалдырады», – дейді марқұмдай күй кешкен сарбаздың әкесі.
Үш жарым жыл бойы перзентін аурухана жағалатып емдетіп жүрген отбасы бұл істе шикілік көп екенін алға тартады. Өйткені жауынгердің не себепті мүгедек болып қалғаны бойынша қылмыстық іс те қозғалмаған. 2023 жылдан бері төсекке таңылған Өмірбектің өзі болған жайды айтып бере алмайды, ол тіпті ата-анасын жақында ғана тани бастаған.
Сарбаздың ата-анасы ұлының мұндай мүшкіл халге түсуінің нақты себебін сұрап, Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдаған, алайда ведомстводан әлі күнге дейін жауап келмеген.
Соңғы жаңалықтар