«Суретке «лайк» басқаны үшін пышақталды» – БҚО-да желідегі реакция қанды оқиғамен аяқталды

01.10.2026 • 14:27 Әсел МҰРАТ
«Суретке «лайк» басқаны үшін пышақталды» – БҚО-да желідегі реакция қанды оқиғамен аяқталды
203
Фото: Рixabay.com

Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік желідегі реакция үшін адам денсаулығына ауыр зиян келтірген азаматқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Жәнібек аудандық сотының мәліметінше, оқиға 2026 жылы 10 мамырда түнгі сағат 02:00 шамасында болған. Азамат өз жұбайының Instagram-дағы фотосуреттеріне «лайк» («ұнату» белгісін) басқан ер адаммен жанжалдасып қалған.

Жанжал барысында сотталушы қалтасынан алдын ала дайындап келген жиналмалы пышағын алып, жәбірленушінің іш және жауырын тұсына бірнеше рет соққы жасап, оқиға орнынан бой тасалаған. Сaлдарынан жәбірленуші ішкі ағзалары зақымданып, денсаулығына ауыр зиян келген.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді. Сондай-ақ жәбірленушіден кешірім сұрап, бас бостандығынан айырмауды өтінді. 

Мемлекеттік айыптаушы оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.

«Сот сотталушыны Қылмыстық кодекстің 106-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қылмыстық кодекстің 63-бабына сәйкес, бұл жаза шартты түрде деп есептеліп, сотталған азаматқа 3 жыл мерзімге пробациялық бақылау белгіленді», – делінген сот релизінде.

Сотталған азаматқа мынадай шектеулер белгіленді:

  • Түнгі сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін тұрғылықты жерінде болу;
  • Пробация қызметінің рұқсатынсыз тұрғылықты жері мен жұмыс орнын өзгертпеу, басқа елді мекендерге шықпау;
  • Алкогольдік ішімдіктер сатылатын қоғамдық орындарға (кафе, бар, мейрамханаларға) бармау;
  • Қасақана құқық бұзушылықтар жасамау.
     
Войдите, чтобы оставить комментарий