Горбачев бас тартқан, Айтматов көндірген: Назарбаевтың құпиясы ашылды

25.06.2026 09:13 Әсел МҰРАТ
Горбачев бас тартқан, Айтматов көндірген: Назарбаевтың құпиясы ашылды
218
Коллаж Politico

Журналист Асхат Ниязов белгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың ұлы Эльдар Айтматовтан Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев пен Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты көптен бері айтылып жүрген деректер туралы сұрады, деп хабарлайды Politico.kz.

Сұхбат барысында Асхат Ниязов Шыңғыс Айтматовтың кезінде Асқар Ақаевтың президент болуына ықпал етті деген пікірдің қаншалықты рас екенін нақтылады.

Эльдар Айтматов бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Асқар Ақаевтың кандидатурасын сол кездегі партиялық элита ұсынған, ал Шыңғыс Айтматов бұл процеске қатыспаған.

«Бұл кең тараған пікір болғанымен, шындыққа жанаспайды. Менің білуімше, Асқар Ақаевты жоғары қызметке ұсынған – сол кезеңдегі партия жетекшілері. Әкем бұл шешімге араласқан жоқ, тіпті Ақаевтың кандидат ретінде қарастырылып жатқанын да білмеген», – деді Эльдар Айтматов.

Оның сөзінше, сол уақытта Шыңғыс Айтматов Қырғызстан басшылығында басқа тұлғаны көргісі келген.

Сұхбат кезінде Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты да тың мәліметтер айтылды. Эльдар Айтматовтың айтуынша, Қазақстандағы жоғары мемлекеттік лауазымға тағайындау мәселесі қаралып жатқан кезде Назарбаев Шыңғыс Айтматовтан Михаил Горбачевпен кездесу ұйымдастыруға көмектесуін өтінген.

Эльдар Айтматовтың мәліметінше, бастапқыда Михаил Горбачев Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуден бас тартқан.

«Нұрсұлтан Әбішұлы қабылдау бөлмесінде күтіп отырған. Ал Горбачев онымен кездеспейтінін және сөйлеспейтінін жеткізген. Кейін әкем Михаил Сергеевичпен сөйлесіп, Назарбаевты қабылдауға көндірді», – деді ол.

Жазушының ұлының айтуынша, Шыңғыс Айтматов Горбачевке Қазақстандағы саяси жағдайдың ерекшелігін түсіндіріп, басқа кандидаттың тағайындалуы қоғамда наразылық тудырып, түрлі салдарға алып келуі мүмкін екенін жеткізген.

«Сол кезеңде әкем бұл шешімнің қабылдануына елеулі ықпал етті деп айтуға болады», – деді Эльдар Айтматов.

Эльдар Айтматов бөліскен бұл естелік Шыңғыс Айтматовтың тек әлемге әйгілі жазушы ғана емес, Кеңес Одағы кезеңіндегі маңызды саяси процестерге де ықпал еткен беделді тұлға болғанын тағы бір мәрте аңғартты.

Войдите, чтобы оставить комментарий