Ғылым мен ауыл шаруашылығындағы ұрлық, Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің басшысын қабылдады

06.04.2026 15:51 Арман Ермеков
Ғылым мен ауыл шаруашылығындағы ұрлық, Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің басшысын қабылдады
85
Тоқаев Жанат Элимановты қабылдады | Фото: Ақорда

Қаржылық мониторинг агенттігінің басшысы Жанат Элиманов Мемлекет басшысына миллиардтаған теңгенің заңсыз жұмсалуы мен қаржылық қылмыстар туралы есеп берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдап, ведомствоның атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарларын тыңдады. Кездесу барысында бюджет қаржысын талан-таражға салу және түрлі қаржылық алаяқтық деректері айтылды.

Жанат Элиманов мал шаруашылығына бөлінген 30 млрд теңге субсидияның тиімсіз жұмсалу қаупі бар екенін жеткізді. Сонымен қатар ғылыми зерттеулерге бағытталған 10 млрдтан астам теңгені мақсатсыз пайдалану белгілері анықталған.

Міндетті медициналық сақтандыру қорының ақшасын жымқыру фактілері бойынша 14 іс тергеліп жатса, құрылыс саласында 5,3 млрд теңгені заңсыз иемденбек болғандарға қатысты 21 қылмыстық іс қозғалған.

Агенттік басшысы алаяқтықтың алдын алу мақсатында 17 қаржы пирамидасының жұмысы тоқтатылғанын баяндады. Банктер мен байланыс операторларының атын жамылып халыққа жалған хабарлама таратқан қылмыстық топ құрықталған. Жалпы аудиториясы 25 мыңнан асатын 3700 алаяқтық сайт пен 22 топтық чат жабылып, 400-ден астам жалған құрылыс компаниясының заңсыз лицензия алуына жол берілмеді.

Қылмыстық табысты заңдастыруға қарсы күрес аясында айналымы 13 млрд теңгеден асатын жалған банк карталарына қатысты 14 сотқа дейінгі тергеу басталды. Бөтен адамдардың атына рәсімделген 68 мыңнан астам карта бұғатталып, жалған компаниялар арқылы 13 млрд теңге шығын келтірген 23 іс тіркелді. Сондай-ақ заңсыз кірістерді жылыстатумен айналысқан 3 жасырын криптоайырбастау қызметі жабылып, оған қатысты 483 сілтеме жойылды.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы агенттіктің негізгі жұмыс бағыттарына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий