"Халық танып, тойларға шақырмаса өкпелемесін": Мөлдір Мұқан Бақыт Тұрманға жауап қатты
Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың экс-жұбайы Мөлдір Мұқанова өзіне қатысты айтылған Бақыт Тұрманның сөздерін жоққа шығарды, деп хабарлайды politico.kz.
Ол бұл туралы журналист Мереке Қалбаеваға берген сұхбатында айтты.
Бұған дейін Бақыт Тұрман Мөлдір Мұқанованың оны «Әзіл Әлемі» театрының сахнасына шығармай қойғанын және «шығатын болса, Тұрсынбекпен ажырасып кетемін» деп қорқытқанын мәлімдеген еді. Алайда Мұқанова бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты.
“Әзіл Әлемі” театрында әншілермен тікелей мен жұмыс істедім. Ол кезде театрдың атағы дүркіреп тұрды. Тұрсынбекке әрдайым: “Сен биіксің, сенің сахнаңда тек танымал әншілер өнер көрсетуі керек” деп айтатынмын. Мейрамбек, Сәкен ағалар, Ескендір Хасанғалиев, Бибігүл Төлегенова сынды мықты өнер иелерімен жұмыс істеп, өзім әуежайдан қарсы алатынмын. Мен тек танымал әншілер шықсын дедім», – деді Мөлдір Мұқанова.
Оның айтуынша, бұл талап ешкімді шеттету үшін емес, театрдың деңгейін сақтау үшін қойылған. Сонымен қатар ол өзін «мүлде сахнаға шығармады» деген пікірмен келіспейтінін жеткізді.
«Бірақ “мүлде шығармадым” деген сөз дұрыс емес. Үш рет сахнаға шығардық. Жаным ашып, Тұрсынбекке: “Осы сахнада бағы жанып, танымал болып кетсе, шықсын” дедім. Бұл – адамның бағы. Ал “мүлде шығармай қойды” деу – жеке өкпе. Егер бағы жанбаса, халық танып, тойларға шақырмаса, ол үшін Тұрсынбек пен Мөлдірге ренжудің қажеті қанша?», – деп қосты ол.
Сондай-ақ Мөлдір Мұқанова кезінде Қайрат пен Бақытты барынша күтіп, құрмет көрсеткенін, алайда олардың тарапынан қонаққа шақыру немесе сый-құрмет болмағанын да атап өтті.
Соңғы жаңалықтар