Халықаралық сарапшылар Қазақстанның экономикалық даму қарқынына оң баға берді
Биылғы жылдың маусым айында Халықаралық валюта қорының (IMF) сарапшылары Астанаға келіп Қазақстан экономикасының даму қарқынына оң баға берді, деп хабарлайды Politico.kz ұйымның ресми мәлімдемесіне сілтеме жасап.
Амина Лареш бастаған топ ішкі сұраныс пен құйылып жатқан инвестициялардың арқасында нарықтағы тұрақтылық сақталып отырғанын жеткізді. Олар 2026 жылдың 3 мен 12 маусымы аралығында елдегі экономикалық саясаттың басымдықтарын талқылаған болатын.
Сарапшылар тобының жетекшісі экономикалық өсімнің қазіргі жағдайына тоқталды.
"Экономикалық өсім Каспий құбыр консорциумындағы төтенше жағдай салдарынан мұнай өндіру көлемінің қысқаруына байланысты қалыпты деңгейге дейін баяулады, десе де 2026 жылдың алғашқы бес айында нақты ішкі жалпы өнім 3,7 пайызға артты", – деді Амина Лареш Халықаралық валюта қоры миссиясының жетекшісі.
Таралған ақпаратта 2025 жылдың соңында бұл көрсеткіш 6,5 пайыз болғаны айтылады. Дегенмен қызмет көрсету, көлік, құрылыс және өңдеу өнеркәсібіндегі жақсы көрсеткіштер жыл басындағы мұнай өндірудің төмендеуін толығымен өтеуге көмектескен. Халықаралық ұйымның болжамы бойынша 2026 жылы экономикалық өсім шамамен 4,6 пайызды құрайтын болады.
Бұған мұнай бағасының өсуі, тұрмыстық несиелендірудің бәсеңдеуі және бюджеттің шоғырлануы тікелей ықпал етпек. Қаржы нарығындағы инфляция мәселесі де сарапшылардың назарынан тыс қалмады.
"Инфляция әлі де мақсатты көрсеткіштен айтарлықтай жоғары болғандықтан, ол 5 пайыздық межеге сенімді түрде жақындағанға дейін қатаң ақша-несие саясатын ұстану қажет", – деп мәлімдеді Амина Лареш.
Ресми мәліметке сүйенсек инфляция 2025 жылдың қыркүйегіндегі 12,9 пайыздан 2026 жылдың мамырында 10,4 пайызға дейін төмендеген. Осы оң динамиканы ескере отырып Қазақстанның Ұлттық банкі маусым айында базалық мөлшерлемені 100 базистік тармаққа түсірді. Биыл инфляция шамамен 10 пайыз деңгейінде сақталады деп күтілуде.
Сыртқы қысымдар, квазифискалдық белсенділік және коммуналдық тарифтердің өзгеруі бағаның өсуіне әсер етуі мүмкін екені ескертілді. Сондықтан Ұлттық банк артық өтімділікті төмендету шараларын жалғастырып экономиканың қызып кетуіне жол бермеуі тиіс. Егер инфляцияның төмендеуі тоқтап қалса бас банк саясатты қайта қатаңдатуға дайын болуы қажет.
Бюджет саясатындағы оң өзгерістер елдегі қаржылық жағдайды жақсарта түспек.
"Мұнай бағасының көтерілуі және салық реформаларын жүргізу бюджет сальдосы мен төлем балансын жақсартуға ықпал етеді деп күтілуде", – деді сарапшы өз сөзінде.
Жаңа салық кодексін енгізу және шығындарды үнемдеу арқылы 2026 жылы мұнайлық емес дефицит одан әрі азаяды. Сандық жүйеге көшу және салық жеңілдіктерін қысқарту өте дұрыс бағыттағы қадам ретінде жоғары бағаланды. Оған қоса 2025 жылы ішкі жалпы өнімнің 4,1 пайызын құраған ағымдағы шот тапшылығы 2026 жылы кішігірім профицитке ауыспақ.
Экспорттың артуы мемлекеттік инвестицияларға байланысты импорт сұранысын толықтай өтейді. Қазіргі уақытта Қазақстанның халықаралық резервтері жеткілікті деңгейде және импортты 10 айға жуық уақытқа жабуға қауқарлы. Елдің банк секторы да өзінің жоғары тұрақтылығын дәлелдеп отыр.
"Банк секторында тұрақтылық сақталуда, сонымен қатар капиталдандыру, өтімділік және жалпы табыстылықтың жеткілікті деңгейі байқалады", – деп атап өтті Амина Лареш.
Жеке тұлғаларды несиелеуге қатысты салалық контрциклдік буферді енгізу және басқа да жаңа сақтық шаралары тұтынушылық несие өсімін қалыпты деңгейге түсірген. Проблемалық несиелер көрсеткіші өте төмен, ал оларға арналған резервтер толықтай жеткілікті. Жақында қабылданған банк қызметі туралы жаңа заң аясында проблемалық банктерді реттеу жүйесіне тиімді өзгерістер енгізілді.
Жалпы алғанда экономикалық болжамға қатысты тәуекелдер толық теңдестірілген. Ішкі сұраныстың күрт артуы немесе импорт бағасының қымбаттауы, сондай-ақ жаһандық белгісіздік пен құбыр консорциумындағы іркілістер өсімді сәл тежеуі мүмкін. Алайда мұнайдың жоғары бағасы, тарифтерді реформалау және бірлескен іс-қимыл бағдарламасы ел экономикасын одан әрі нығайтып резервтерді арттырады.
Стратегиялық реформалар экономиканың жасырын әлеуетін толық аша түсетіні сөзсіз.
"Мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту, жеке инвестицияларды тарту және кадрлық, материалдық, сандық инфрақұрылымды жаңғырту өнімділікті арттыруға бағытталған басым бағыттар болып табылады", – деді Халықаралық валюта қорының өкілі.
Бұл ретте цифрлық теңгені енгізудің маңызы өте зор. Жаңа жүйе Ұлттық қор мен мемлекеттік бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын нақты уақыт режимінде қадағалауға үлкен мүмкіндік береді. Осындай нақты қадамдар мен жеке сектордың белсенділігі ұзақ мерзімді және әртараптандырылған экономикалық өсімді сақтауға негіз болмақ.
Қорытындылай келе халықаралық қор сарапшылары ресми органдарға жылы қабылдағаны мен ашық ынтымақтастығы үшін ерекше алғыс білдірді.
Соңғы жаңалықтар