Халықты боқтаған әкім неге жұмыстан қуылмағаны белгілі болды
Тұрғындарды балағаттап, желіде жұлдыз болған ауыл әкімі неге қызметінен қуылмады? Бұл сұраққа Астанада өткен брифингте Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Өңір басшысы мемлекеттік қызметкердің мұндай әдепсіздігіне түбегейлі қарсы екенін жеткізді. Оқиғадан кейін дереу қызметтік тексеріс жүргізіліп, мәселе Әдеп жөніндегі кеңесте қаралған. Алайда шенеунікті бірден қызметтен шеттетуге заңдық кедергілер болған көрінеді.
Сақтағановтың айтуынша, басты себеп – әкімнің сайланбалы қызмет атқаруында.
«Ол бұл лауазымға даулы оқиғадан небәрі екі ай бұрын ғана сайланған болатын. Халықтың таңдауы болғандықтан, біз комиссияның ұсынысына сүйене отырып, оған тек қатаң сөгіс жариялаумен шектелдік. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілер тіліне ие болып, жауапкершілікті сезінуі үшін арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – деді облыс әкімі.
Естеріңізге сала кетейік, қазан айының басында Зайсан ауданы, Шілікті ауылдық округінің әкімі Төлеухан Қуаныштың қоғамдық тыңдау кезінде ашуға булығып, тұрғындарға боғауыз сөз жаудырған видеосы тараған еді. Кейіннен шенеунік қателігін түсініп, көпшіліктен бейнеүндеу арқылы кешірім сұраған болатын.
Бір қызығы, ауыл әкімінің тентектігі үшін жоғарыдағы бастықтары да таяқ жеді. Зайсан ауданының әкімі мен облыс әкімінің салалық орынбасары да тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Ал ауыл әкімінің өзі қатаң сөгіс арқалап қана қоймай, қоғамдық орында былапыт сөз айтқаны үшін айыппұл төлеумен құтылды.
Соңғы жаңалықтар