Ильнура Нуранбекова: Аяғым ауыр күндері бір нанды екі күн азық еткен кезіміз болды

28.09.2026 • 14:04 Томирис САҒЫНДЫҚ
Ильнура Нуранбекова: Аяғым ауыр күндері бір нанды екі күн азық еткен кезіміз болды
164
Фото: видеодан скриншот

Отбасылық арақатынас пен некедегі жұбайлардың бірге даму мәселесі қоғамда жиі талқыланады. Танымал блогер Айтуған Ғалымовтың экс-әйелі Ильнура Нуранбекова бұрынғы некесіндегі тұрмыстық сынақтар, отбасылық өмірдің кезеңдері және ерлі-зайыптылардың арасындағы тұлғалық алшақтық себептері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Ильнура Нуранбекова НТК арнасына берген сұқбатында айтты.

Ильнура Нуранбекова отбасылық өмірдің алғашқы жылдарындағы қаржылық қиындықтар мен бірге кешкен сынақтарға тоқталды.

«Қаражат жағынан қатты қиналдық. Менің аяғым ауыр, тамаққа ақша жоқ, бір нанды екі күн азық еткен кездеріміз болды. Бұл біреуге өтірік сияқты көрінуі мүмкін, бірақ бұл – шынымен де басымыздан өткен жағдай. Сол қиындықтарды бірге еңсеріп, бірге көтерілгендіктен, бір-бірімізді шынайы таныдық. Себебі көбі осындай алғашқы кезеңдегі сынақтардан сүрініп жатады. Негізі отбасылық өмір бірнеше кезеңнен тұрады ғой, мен өзім үшінші кезеңде сүріндім», – деді Ильнура Нуранбекова.

Сондай-ақ ол отбасылық өмірдің даму кезеңдерін жіктеп, жұбайлардың мүдделері мен өмірлік көзқарастарының алшақтау себебін түсіндірді.

«Бірінші кезең – шаңырақ көтергеннен кейінгі тұрмыстық қиындықтар, қызғаныш пен қаражат мәселесі. Екінші кезең – дүниеге бала келгеннен кейін арақатынастың салқындай бастауы. Ал үшінші кезең – балалар өсіп жатқанда жұбайлардың бірге дамуы немесе біреуінің тоқтап қалып, екіншісінің өсуі. Мен үш баламен үйде қалып қойдым да, ол ары қарай даму процесінде болды. Әйел адам үйде отырып қалмай, өзін дамытуы керек. Ол шетелге шығып, жұмыс істеп жүрді. Ал мен үйде балалармен отырғандықтан, екеуіміздің өмірге деген көзқарасымыз екі түрлі болып кетті», – деді Ильнура Нуранбекова.

Сонымен қатар Ильнура Нуранбекова әйел адамның жеке дамуы мен ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластықты сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

«Үй шаруасы мен бала күтімі де – үлкен еңбек. Бірақ ол жерде жеке даму болмайды. Күнделікті бірсарынды тіршіліктен адам шаршайды. Ал даму дегеніміз – жан-жақты болу: білім алу, жұмыс істеу, ортамен араласу, қыздармен кездесіп, энергия алмасу, жаңа хобби тауып, өзіңнің қырларыңды ашу. Тіпті шетелге шығудың өзі адамның өрісін кеңейтіп, дамытады. Ерлі-зайыптылар бірге дамып, бірге көтерілуі керек. Сол кезде ғана олардың арасында бір-біріне деген қызығушылық үнемі сақталады», – деді Ильнура Нуранбекова.

Войдите, чтобы оставить комментарий