"Іс-әрекетіне бүкіл ел куә": Фариза Алмазқызы сот алдында Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты үндеу жасады

24.08.2026 16:02 Мөлдір ҚАЙНАР
227
Фото: Stan.kz

Блогер Фариза Алмазқызы бұрынғы жұбайы, актер Нұрсұлтан Жақсыгеннің өзіне және отбасына тіл тигізгені үшін жауапқа тартылуын сұрап, қоғамға үндеу жолдады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін актер әлеуметтік желідегі былапыт жазбаларды жоққа шығарып, бұрынғы әйелінің үстінен жалған айыппен арыз түсіргенін мәлімдеген болатын.

"Мен танымал адам болғандықтан, атымнан түрлі жалған парақшалар ашылып жатады. Ол сөздерді жазған да сондай парақшалардың бірі деп ойлаймын. Тергеу барысында да нақты дәлелдер табылған жоқ. Енді сот әділ шешім шығарады деп сенемін", – деген еді Нұрсұлтан Жақсыген.

Фариза Алмазқызы бұл сөздерді жауапкершіліктен қашудың амалы деп бағалап, екі жыл бойы балалары мен ата-анасына да балағат сөздер айтылып келгенін алға тартты.

"Нұрсұлтан Жақсыген 25 тамызда өтетін шешуші сот отырысының алдында осындай мәлімдеме жасап, өз әрекетін жоққа шығарып отыр. Ол жауапкершіліктен жалтару үшін осылай айтып отыр деп есептеймін. Ал оның іс-әрекеттеріне мен ғана емес, бүкіл Қазақстан куә", – деді блогер.

Сонымен қатар ол заңсыз әрекеттердің алдын алу мақсатында барлық дәлелдерді құзырлы органдарға тапсырғанын атап өтті.

"Егер мұны заң аясында тоқтатпасақ, соңы жақсылыққа апармайтыны белгілі. Осы іс бойынша қолымдағы барлық дәлелді құзырлы органдарға тапсырдым. Сот сол материалдарға сүйеніп, әділ әрі қатаң шешім шығарады деп үміттенемін", – деп толықтырды Фариза Алмазқызы.

Екі тарап арасындағы дауға байланысты шешуші сот отырысы 25 тамызға жоспарланған.

Войдите, чтобы оставить комментарий