Италияда қазақстандық студенттің мәйіті табылды – СІМ не дейді?
Италияның Бриатико қаласында қазақстандық Нұрдәулет Машариповтің мәйіті табылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Марқұмның досы Дінмұхамед Мұхтаров әлеуметтік желідегі парақшасында жас жігіттің жазатайым оқиға салдарынан теңізге батып кеткенін жазды.
Қазіргі кезде марқұмның отбасы мәйітті Қазақстанға әкелу үшін қаражат жинап жатыр. Тасымалдау шығыны 8 мың еуроны құрайды.
Италиялық БАҚ-тың жазуынша, зорлықпен өлтіру белгілері анықталмаған. Алайда марқұмның денесінде жартасқа соғылғаннан қалған жарақаттар бар. Алдын ала болжам бойынша, студент суға кеткен.
Сарапшылар оның мәйіт табылғанға дейін шамамен 15 сағат бұрын көз жұмғанын айтады.
Жігіттің қалтасынан ұялы телефоны, ал жағалаудағы тастардың үстінен сөмкесі мен киімдері табылған.
Осы оқиғаға қатысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігі пікір білдірді.
«Қазақстан Сыртқы істер министрлігі қаза тапқан азаматтың отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына қайғыра көңіл айтады. Қазақстанның Италиядағы Елшілігі Италияның құзыретті органдарымен бірлесіп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен тұрақты байланыс орнатып, оларға қажетті консулдық және құқықтық қолдау көрсетуде», - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі тілшімізге.
Соңғы жаңалықтар