Каспийдегі қайғылы оқиға: Данияр Хайрушев туралы не белгілі?

25.09.2026 • 15:57 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Каспийдегі қайғылы оқиға: Данияр Хайрушев туралы не белгілі?
596
Фото: gov.kz

Каспийдегі оқу-жаттығуда 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты ұсталған бес басшының арасында Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы бар, деп хабарлайды Politico.kz.

Ішкі істер министрлігі олардың аты-жөнін жариялаған жоқ. Ал Қорғаныс министрлігінің ашық мәліметтерінде бірінші орынбасар қызметінде Данияр Хайрушев көрсетілген.

ІІМ хабарламасына сәйкес, екі әскери бөлімнің, теңіз жаяу әскерлері ротасының және катердің командирлері де ұсталған. Хайрушевтің аты-жөні ресми түрде аталмағандықтан, оның ұсталғаны туралы тұжырым әзірге лауазымдарды салыстыруға негізделген.

Данияр Жұмағалиұлы Хайрушев ұзақ жылдар бойы Әскери-теңіз күштерінде қызмет атқарған. Қорғаныс министрлігінің бұрынғы жарияланымдарында оның әскери шені 1-дәрежелі капитан деп көрсетілген.

2020 жылдан 2022 жылға дейін ол №29011 әскери бөлім мен Әскери-теңіз базасына басшылық еткен. 2020 жылғы қарашада мемлекеттік сатып алу порталындағы құжаттарда әскери бөлімнің өкілі ретінде аталған. Ал 2021 жылғы желтоқсанда Ақтаудағы Әскери-теңіз базасының командирі болған.

2023 жылғы ақпанда Қорғаныс министрлігі оны Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының орынбасары деп таныстырған. Сол кезде Хайрушев Пәкістандағы AMAN-2023 халықаралық әскери-теңіз оқу-жаттығуына барған қазақстандық делегацияны басқарған.

Кейінгі жылдары оның жұмысы негізінен жауынгерлік дайындықпен байланысты болды. 2024 жылғы мамырда мемлекеттік телеарна эфирінде ол жауынгерлік дайындық басқармасының бастығы әрі бас қолбасшының орынбасары ретінде таныстырылды.

Сол жылы «Бірлестік-2024» халықаралық оқу-жаттығуын қорытындылауға қатысқан. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Хайрушев бөлімшелердің тактикалық әрекеттері мен атыс нәтижелерін талдаған.

2025 жылдың басында Ақтаудағы №29011 әскери бөлімде оның басшылығымен Әскери-теңіз күштері бөлімшелерінің өткен жылғы жұмысы қорытындыланды. Министрлік сол кезде де оның шенін 1-дәрежелі капитан деп көрсеткен. Ақтаудағы жедел-тактикалық оқу-жаттығуда ол қолбасшылық пен офицерлердің бөлімшелерді басқаруға дайындығы туралы пікір білдірген.

2025 жылғы қазанда Хайрушев жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасар қызметін атқарған. Каспийдегі он күндік жорық кезінде кеме басқару, навигация, байланыс құралдары мен қару-жарақты қолдану дағдыларын пысықтаған экипаждардың дайындығын бағалаған.

2026 жылғы мамырда Қорғаныс министрлігі оны бас қолбасшының бірінші орынбасары деп атаған. Сол айда Хайрушев II дәрежелі Бауыржан Момышұлы атындағы «Айбын» орденімен марапатталды. Ведомствоның мәліметінше, награда әскерлердің жоғары жауынгерлік дайындығын сақтағаны және қызметтегі жетістіктері үшін берілген.

Еске сала кетейік, кеше, 24 қыркүйекте Маңғыстаудағы оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт бұзылып, жел күшейгенде 17 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Екі қылмыстық іс қозғалды. Бүгін, 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні.

Войдите, чтобы оставить комментарий