Каспийдегі трагедия екі бап бойынша тергеліп жатыр

25.09.2026 • 08:15 Әсел МҰРАТ
Каспийдегі трагедия екі бап бойынша тергеліп жатыр
512

Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты тергеу қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу баптары бойынша жүргізіліп жатыр. Бұл туралы үкіметтік комиссия отырысында айтылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің баяндауынша, Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі («Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау») және 465-бабы («Кеме жүргізу қағидаларын бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау бабымен бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал кеме жүргізу қағидаларын бұзғаны үшін жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мемлекет тарапынан қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына әлеуметтік және материалдық қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Сондай-ақ Халық кеңесінің мүшелері қаза болған әскерилердің отбасыларына материалдық көмек көрсететіндерін мәлімдеді. Олардың біреуі қаза болған әр әскери қызметшінің отбасына 25 млн теңгеден бөлді. Бірқатар ірі бизнес өкілдері де материалдық көмек көрсетуге ниетті.

Қайғылы оқиғадан кейін медициналық мекемеге жеткізілген әскери қызметшінің жағдайы тұрақты. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Ақтауда 24 қыркүйекте оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты 17 әскери суға кеткен. 

Оның 12-сі қаза тауып, үш әскери қызметші құтқарылды. Қалған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасуда.

Ақтаудағы трагедияға байланысты Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Войдите, чтобы оставить комментарий