Кімдерге 7 млн теңгеге дейін баспана көмегі беріледі?

18.03.2026 14:02 Мөлдір Талғат
Кімдерге 7 млн теңгеге дейін баспана көмегі беріледі?
82

2026 жылдың басынан бері Қазақстанға 3,3 мыңнан астам этникалық қазақ көшіп келіп, қандас мәртебесін алды. Мемлекет оларды қолдау шараларын жалғастырып келеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Қоныс аударушыларға көшуге, баспанамен қамтылуға және жұмысқа орналасуға қаржылай көмек көрсетіледі. Сондай-ақ тұрғын үй сатып алуға 7 млн теңгеге дейін қаражат қарастырылған. Жалпы, 1991 жылдан бері тарихи отанына 1,1 млн-нан астам қазақ оралған.

Жыл басынан келген қандастардың басым бөлігі Қытай (47,8%) мен Өзбекстаннан (43,6%). Сондай-ақ Түрікменстан, Ресей, Моңғолия және өзге елдерден келгендер бар.

Қоныс аударушылардың ішінде еңбекке қабілетті жастағылар – 58,1%, балалар – 33,1%, ал зейнеткерлер – 8,8%. Білім деңгейіне келсек, 13,1%-ы жоғары білімді, 27,1%-ы орта кәсіби, 51,9%-ы жалпы орта білімді, ал 7,9%-ының білімі жоқ.

Қандастар еліміздің әртүрлі өңірлеріне орналастырылуда. Еңбек күші тапшы аймақтар ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары белгіленген.

2026 жылға бұл өңірлерге арналған квота 2 281 адамды құрайды. Ал алғашқы екі айда 569 қандас осы аймақтарға қоныстанған.

Мемлекеттік қолдау аясында қоныс аударушыларға біржолғы 70 АЕК (302,8 мың теңге) көлемінде көшу субсидиясы беріледі. Сонымен қатар тұрғын үй жалдау және коммуналдық төлемдер үшін 15-тен 30 АЕК-ке дейін көмек көрсетіледі.

Биылдың өзінде 139 адамға түрлі қолдау көрсетіліп, оның ішінде 108 қандас тұрақты жұмыспен қамтылған.

Сондай-ақ солтүстік өңірлерге көшуге ынталандыру мақсатында арнайы бағдарламалар іске қосылған. Соның бірі – тұрғын үй сатып алуға арналған 7 млн теңгеге дейінгі өтеусіз сертификат.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий