Клиникалық өлім кезінде адамдар не сезінеді: әйел "ана өмірде" не көргенін айтты

Клиникалық өлім кезінде адамдар не сезінеді: әйел
26.07.2025 16:34
0
254
pixabay.com

АҚШ-тың Оклахома штатының тұрғыны, 49 жастағы Дженна Таннер клиникалық өлімді бастан өткеріп, тәнінен бөлініп шыққан ерекше сәттері туралы айтып берді. Бұл оқиға 2022 жылдың наурызында болған. Үш баланың анасы кенеттен жүрек ұстамасына ұшырап, өмір мен өлім арасында бірнеше сағат арпалысқан. Дәрігерлер оның аман қалуына үміт аз деп болжаған.

Таннерде  аса қауіпті жүрек ұстамасы болған — бұл жүрек артерияларының бірі толық бітелгенде пайда болатын, ауруханаға дейінгі өлім-жітім деңгейі өте жоғары жағдай. Алғашында кеудедегі ауырсынуды жай суық тигеннен қалған белгі деп ойлаған ол, кейін «кеудеме піл отырғандай болды» деп сипаттаған ауырсыну күшейгенде ғана жедел жәрдем шақырған.

Медициналық көмек келгенде Дженна тыныс алмай жатқан. Сол сәтте ол өзін тәнінен бөлініп, кеңістік ішінде қалқып бара жатқандай сезінген.

«Мен түрлі түсті бұлттардың арасымен жүзіп бара жатқандай болдым. Айналамда жарқыраған жұлдыздар, тыныштық пен бейбіт сезім болды. Қорқыныш жоқ, тек терең тыныштық орнағандай», — дейді ол.

Таннер тек жағымды естеліктер мен өзі үшін маңызды адамдарды есіне алғанын айтады.

«Мен өмірімдегі жақсы сәттерді, маған жақын адамдарды ойладым. Бәрі сондай жылы және жарық еді», — дейді ол.

Мұндай түрдегі жүрек ұстамасынан тірі қалу сирек — ауруханаға дейін аман қалатындардың үлесі 12% ғана. Оның кардиологы 20 жылдан астам тәжірибесінде мұндай жағдаймен алғаш рет кездескенін айтқан.

Дженна жедел жәрдемге үлгеріп хабарласып, дәрігерлер 13 минут ішінде жеткен. Операция кезінде оған жүрекке арналған насос пен стент орнатылды. Ол ауруханада 10 күн, оның ішінде 6 күн жансақтау бөлімінде жатты. Қалпына келу кезеңі оңай болмағанымен, әйел кейін реабилитациясыз-ақ жүріп, толықтай айыға бастаған.

Қазір Дженна өз тәжірибесі туралы кітап жазып жатыр. Ол оқырманмен өлімге жақын сәтте не сезінгенін, өмірге деген көзқарасы қалай өзгергенін бөліспек.

«Қазір өмір расында керемет. Мен оны жоғалта жаздап қана, бағалай бастадым», — дейді Дженна Таннер.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий