Көптен бері көрінбей жүрген Тасмағамбетов ел алдына шықты

23.06.2026 13:10 Әсел МҰРАТ
Көптен бері көрінбей жүрген Тасмағамбетов ел алдына шықты
422
Фото: ашық дереккөз

Дәстүрлі күйші Әлия Қарамұхан Атырауға барған сапарында мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетовпен бірге түскен суретін салып, ол туралы жантебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.

Өнер иесі бұл сапардың жөні де, мәні де, мағынасы да ерекше екенін айтып, Иманғали Тасмағамбетовке ризашылығын білдірді.

«Алғаш рет Жап-жарық ағаммен бірге сапарлас болудың өзі біз үшін үлкен мәртебе, зор абырой. Осындай үлкен жауапкершілігі мол істі сеніп тапсырған Ағама алғысымыз шексіз. Сенімге селкеу түсірмей, лайық болуды нәсіп етсін», - деді күйші.

Күйшінің айтуынша, Атырау сапарында Иманғали Тасмағамбетовтің алдында күй орындау бақыты бұйырған. Ал оның ақ батасын алған сәтін өнер иесі өміріндегі ұмытылмас кезеңдердің бірі деп бағалады.

«Небір саңлақтар мен дүлдүлдер туған қасиетті өлкеге барып, талай тарландардың өнерін тыңдаған Иманғали ағамыздың алдында күй тарту бақыты бұйырып, көкеміздің ақ батасын алып, мәз-мейрам болып тұрған сәттен естелік үзім..
«Әр күніміз – тарих» деген осы екен-ау. Алла осындай бақты, осындай сәттерді ұзағынан сүйіндіргей! Барша қолдау білдіріп, хан қызындай күтіп алған ағаларыма зор алғысымды білдіремін. Нар ағалар, аман болыңыздар, орталарыңыз ортаймасын! Күйдің киесі баршамызды қолдап, қорғап жүрсін!», - деп жазды Әлия Қарамұхан. 

Айта кетейік, Иманғали Тасмағамбетов 2025 жылдың 31 желтоқсанында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бас хатшысы қызметінен кеткен болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий