"Крышам жоқ, білімім жоқ": Меруерт Түсіпбаева неге депутаттық сайлауға түспейтінін айтты

05.08.2026 10:18 Мөлдір ҚАЙНАР
504
Фото: видеодан скриншот

Танымал әнші Меруерт Түсіпбаева депутат болуға ниеті жоқ екенін айтып, бұл қызметке не себепті ұмтылмайтынын ашық білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Өнер иесінің сөзінше, бұл салаға өту үшін ықпалды таныстар мен қолдау қажет, ал оның арқа сүйер ешкімі жоқ. Сондай-ақ ол туған өңіріндегі жерлестерінің де өзіне қолдау көрсетпейтінін жеткізді.

"Менде таныс жоқ. Крыша жоқ. Көтермелейтін ешкім жоқ. Мені тіпті 55-ке толамын, Павлодар облысынан бір адам құттықтамайды да. Павлодар облысынан шыққан жалғыз әншімін. Мені жерлестерім қолдамайды. Баянауылға концерт берсем де қолдамайды. Депутат болу үшін тамыр-таныс керек. Біреу тарту керек", – деді әнші.

Сонымен қатар Меруерт Түсіпбаева Парламентте өз саласының мамандары отыруы тиіс екенін алға тартып, өнер мен спорт өкілдерінің саясатқа араласуын құптамайтынын атап өтті.

"Бір жағынан мен оған қарсымын. Таныс пайда болып, "депутат бол" десе де, мен не істеймін ол жерде? Мен депутат болу үшін жоқ дегенде кезінде заңгер, қаржыгер, экономист сынды мамандықтарды оқып алуым керек еді. Әр адам өз орнында болу керек. Блогер, шмогер, әнші, биші, күйші, спортсмендер керек емес. Олар не мақсатпен отыр? Білмеймін. Депутат бол десе де болмаймын. Мен дайын емеспін, білімім жоқ", – деп түйіндеді ол.

Войдите, чтобы оставить комментарий