«Күзде оқу-жаттығу өткізуге болмайды»: Әскери сарапшылар Каспийдегі трагедияға қатысты үн қатты

25.09.2026 • 09:57 Мөлдір ҚАЙНАР
«Күзде оқу-жаттығу өткізуге болмайды»: Әскери сарапшылар Каспийдегі трагедияға қатысты үн қатты
88
Фото: gov.kz

Қазақстандық запастағы әскери мамандар Каспий теңізінде сарбаздардың қаза табуына әкеп соққан қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды 24kz телеарнасы.

Олардың айтуынша, күз айларында Каспийде әскери жаттығулар ұйымдастыру өте қауіпті әрі қолайсыз.

1-дәрежелі запастағы капитан, ҚР Қарулы күштерінің ардагері Құсайын Омаров Ақтау өңірінде нақ осы күз мезгілінде ауа райы күрт бұзылатынын атап өтті.

«Меніңше, Қарулы күштер басшылығына бұл уақытта жаттығу жоспарлаудың қажеті жоқ еді. Оны жаз мезгіліне ауыстырған дұрыс. Каспий теңізіндегі, әсіресе қазақстандық сектордағы әрбір теңізші қыркүйек айының ортасынан бастап ауа райының нашарлайтынын жақсы біледі», – деді Құсайын Омаров.

Телеарна Каспийдің осыған ұқсас қайғылы сабағы бұған дейін де болғанын еске салды. 2015 жылдың қыркүйек айында «Орталық-2015» стратегиялық жаттығуы кезінде теңізге түскен алты БТР-80 бронетранспортерінің төртеуі қатты толқын салдарынан батып кеткен болатын. Сол кезде 4 мерзімді әскери қызметші суға кетіп қаза тапқан еді. Тергеу қорытындысы ауа райымен бірге десанттық-түсіру техникасы жеткіліксіз бола тұра тапсырма беру қателігі орын алғанын көрсеткен.

Запастағы офицер Марк Бейдали осындай ауқымды жаттығуларда тәуекелдер болатынын, дегенмен мұндай қайғылы жағдайларға жол берілмеуі керектігін айтты. Ал ғалымдар күзгі циклон мен атмосфералық фронттар кезінде Каспийде желдің жылдамдығы қас-қағым сәтте күшейіп, кенеттен аса қауіпті шторм тұратынын ескертуде.

Айта кетейік, елдегі осы қайғылы оқиғаға байланысты 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Войдите, чтобы оставить комментарий