Путин мен Трамп Еуропаны біріктіруші күшке айналды

Путин мен Трамп Еуропаны біріктіруші күшке айналды
24.07.2025 13:12
0
394
Коллаж: POLITICO.KZ (Сурет: Getty Images, picture alliance/dpa, Global Look Press)

Лондон-Берлин-Париж: Еуропада «Жаңа Антанта» блогы қалыптасып жатыр ма?

2022 жылы Ресей-Украина әскери қақтығысы басталғаннан кейін әлемде милитаризация процесі күшейді. SIPRI-ң зерттеу баяндамасына сүйенсек, 2024 жылы әлем елдері қорғаныс саласына 2,7 трлн доллар қаржы бөлген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 9,4%-ға көп. Милитаризация процесінен ЕО та тыс қалған жоқ. Еуропалықтар тек қорғаныс бюджетін өсіріп қана қоймай, әскери-саяси блок құруға әрекет етуде. Еуропада қандай блок құрылуы мүмкін?

«Жаңа Антанта» құрыла ма?

17 шілдеде Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер мен Германия канцлері Фридрих Мерц «Кенсингтон келісіміне» қол қойды. Қос тарап бұл келісімді тарихи деп атады. Себебі қорғаныс және қауіпсіздік саласында байланыс нығая түсті. Тараптар NATO-ң бір мүшесіне шабуыл тұтас ұйымға шабуылмен тең ұстанымын сақтайтынын тағы мақұлдады. Қос тарап негізгі сыртқы қауіп Ресей екенін мойындады. Сондай-ақ алыс қашықтыққа ұшатын Typhoon қаруы мен Boxer броньдалған әскери көлікті жасау мен экспорттауға күш біріктіруге уағдаласты. Бұдан бөлек заңсыз миграциямен күрес, экономикалық және мәдени байланыс бағыттарында ортақ жобалар жүзеге асады. 

«Кенсингтон келісімі» Ф. Мерц Ұлыбританияға сапары барысында өмірге келді. Бұл келісімге қол қою туралы бастама 2024 жылы жазда К. Стармер билікке келгенде көтерілді. К. Стармер экс-канцлер О. Шольцпен бейбітшілік, қауіпсіздік және экономикалық өсім салаларын қамтитын шарт жасасқан еді. 

Ф. Мерц биылғы Ұлыбританияға сапары аясында қауіпсіздік саласындағы әріптестікті бұдан да жоғары деңгейге көтеруді ұсынды. Германия канцлері Лондан, Париж және Берлин арасында стратегиялық белдеу құру туралы бастама көтерді. Оның сөзінше стратегиялық белдеу заңсыз миграциямен күрес мен қорғаныс саласындағы әріптестікті нығайту үшін қажет. 

Әзірге Ұлыбритания мен Франция бұл бастамаға нақты жауап бермеді. Алайда қысқа және орта мерзімде мұндай үштік одақ қалыптасу ықтималдығы жоғары. Себебі Ресейдің сыртқы саясаты мен оған үш елдік көзқарасы бірдей. Украинамен арадағы текетірес аяқталғанымен Еуропа мен Ресей арасындағы байланыс ұзақ мерзімде түзелмесі анық. Сондықтан XX ғасырдың басында қалыптасқан «Антанта» блогы қайтадан пайда болуы мүмкін. «Лондон-Париж-Берлин» белдеуі «Жаңа Антантаға» айналмақ.  Тек енді арасында Ресей болмайды. Керісінше Мәскеуге қарсы құрылады. 

Трамп пен Путин Еуропаны біріктіруде 

Қазір еуропалық интеграция жаңа деңгейге өтіп жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі интеграция экономикалық, құқықтық, әлеуметтік, саяси бағыттарды қамтыды. Алайда әскери сала назардан тыс қалды. Бірақ соңғы 3 жылда жағдай өзгерді. Енді еуропалықтар қорғаныс саласына бөлінетін қаражатты арттырды. 

Еуропа елдерінің милитаризациясына сыртқы және ішкі факторлар әсер етті. Сыртқы факторларға Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамптың сыртқы саясаты кіреді. 2022 жылы В. Путиннің Украинамен әскери қақтығысқа түсуі ЕО пен Ұлыбританияның қорғаныс бюджетін арттыруға мәжбүр етті. 

Д. Трамп билікке келісімен бүкіл әлеммен тарифтік текетіресті бастады. Бұдан АҚШ-ң стратегиялық серіктестері ЕО пен Ұлыбритания да тыс қалмады. АҚШ ЕО-пен тарифтік текетірес қана емес, қорғаныс және қауіпсіздік саласында да қарым-қатынасын өзгертті. Вице-президент Джей Ди Венстің Мюнхен қауіпсіздік конференциясындағы мәлімдемелерінен кейін Вашингтон Украина мен ЕО-ы әскери қолдауын азайтты. Д. Трамптың бұл шешімі Брюссельді қорғаныс бюджетін тағы арттыруға түрткі болды. ЕО шарттары бойынша одаққа мүше-мемлекеттер бір жылда қорғанысқа бөлінетін бюджетін ЖІӨ-ң 3%-нан асырмауы тиіс. Алайда биыл Брюссель бұл шектеуден бөлек алдағы 4 жылда қосымша 1,5% қаражат бөлуіне мүмкіндік беру туралы бастама көтерді. Мұндай өзгеріс енгізілсе 2026 жылдан бастап қорғанысқа бөлінетін қаржы тағы артады. 

Ұлыбритания да елдегі дағдарысқа қарамастан қорғаныс бюджетін көбейтуде. SIPRI баяндамасы бойынша Ұлыбритания 2024 жылы әскери шығын бойынша 81,8 млрд доллармен 6-орынды иеленген. 2022 жылы бұл көрсеткіш 68,5 млрд долллар еді. Көріп тұрғанымыздай Лондон соңғы үш жылда қорғаныс бюджетін едәуір арттырған. 

Осылайша Трамп пен Путиннің сыртқы саясаты еуропалықтарды біріктіруде. Трамптың саясаты тек қорғаныс қана емес, экономикалық және технологиялық салаларда да еуропалықтарды біріктіруші факторға айналдырды. Ал Путиннің сыртқы саясаты тек қорғаныс бағытында кәрі құрлықты бір мақсатқа жұмылдыруда. 

Ішкі факторларға ЕО пен Ұлыбританиядағы экономикалық стагнация, миграциялық дағдарыс және технологиялық артта қалу, сондай-ақ демографиялық дағдарыс кіреді. 

Қазақстандықтар Еуропа елдерінің экономикасы тұрақты өсіп көрсетіп, халқы әлеуметтік қамтылған деп ойлайды. Алайда ол жақта да дағдарыс белгілері байқалады. Бұрынғыдай экономикалық өсім жоқ. Тұрақсыз аймақтан заңсыз және жүйесіз миграция мәселесі жергілікті халықтың көзқарасын өзгертті. Қала берді АҚШ пен Қытайдан технологиялық бәсекеде жеңіліп жатыр. Сондай-ақ туу көрсеткіші өте аз болып демографиялық дағдарыс байқалады. 

Мұның бәрі Еуропаның көшбасшыларын ішкі мәселелерді шешумен қатар, сыртқы саясатта да белсенді әрекет етуге мәжбүрлеуде. Жасырын популизмге жүгінетін кездер де кездеседі. Ресейді ортақ жау етіп көрсету, Трамппен текетіресте өз позициясын берік ұстау секілді саясат ұстануда. Бұл тенденция орта және ұзақ мерзімде сақталуы мүмкін. Бұған тек АҚШ пен Ресейдің сыртқы саясаты ғана емес, Еуропа көшбасшыларының ішкі мәселелерді реттей алу немесе алмауы әсер етпек. 

Саясаттанушы Қыр баласы 2.0

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий