Мәди Такиев Қаржы министрі лауазымына қайта тағайындалды
3 қыркүйекте Мәди Такиев Қазақстан Республикасының Қаржы министрі лауазымына қайта тағайындалып, өз қызметін сақтап қалды. Мемлекет басшысы бұл туралы тиісті Жарлыққа қол қойды.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Мәди Төкешұлы Такиев Қазақстан Республикасының Қаржы министрі лауазымына тағайындалды», – делінген Ақорданың хабарламасында.
Тағайындау алдында оның кандидатурасын Құрылтайдың салалық комитеті мақұлдады. Ведомство мәліметіне сәйкес, Қаржы және бюджет комитетінің отырысында депутаттар ұсынылған кандидатураға келісім берген.
Бұл мәселе «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 30-бабы аясында қаралды. Нәтижесінде Такиевті министр лауазымына тағайындауға болатыны туралы қорытынды қабылданды.
Мәди Такиев кім?
Мәди Төкешұлы 1978 жылы Алматы облысында туған. Ол Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Д. Қонаев атындағы гуманитарлық университетті және Халықаралық бизнес университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1998 жылы ҚР Ғылым министрлігі – Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтында бас есепші болып бастады.
2000–2008 жылдары Алматы қаласы бойынша Салық комитетінде инспектор, жетекші, бас салық инспекторы, ШКС жұмысы және аудит жөніндегі бөлімдердің басшысы қызметтерін атқарды.
2008–2009 жылдары Алматы облысы бойынша Салық департаментінің Акциздерді әкімшілендіру басқармасына жетекшілік етті. Ал 2009–2012 жылдары Алматы қаласы бойынша Салық департаменті басшысының орынбасары болды.
2012–2013 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің басқармасын басқарды. Одан кейін 2013–2014 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Салық және кеден саясаты департаментіне директор болды.
2014 жылы ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің әлеуметтік-экономикалық бөлімінде бас консультант қызметін атқарды. Осыдан кейін 2014–2017 жылдары Мемлекеттік кірістер департаментінің Атырау облысы бойынша басшысы болып жұмыс істеді.
2017–2019 жылдары Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Салықтық бақылау департаментін басқарды. Кейін 2019–2020 жылдары ұлттық экономика вице-министрі қызметінде болды.
2020–2023 жылдары Мәди Такиев Президент Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімін меңгерді. Ал 2023–2024 жылдары VII сайланған Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы әрі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі ретінде заң шығару ісімен айналысты.
Ол Қаржы министрлігінің тізгінін 2024 жылғы 6 ақпаннан бері ұстап келеді.
Соңғы жаңалықтар