«Махаббат ұлтты да, шекараны да білмейді»: Жәкішевтің қызы өзін сынағандарға жауап берді

11.06.2026 09:23 Әсел МҰРАТ
«Махаббат ұлтты да, шекараны да білмейді»: Жәкішевтің қызы өзін сынағандарға жауап берді
298
Фото: altjj_/instagram

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы бизнесмен Мұхтар Жәкішевтің қызы Алтынай Жәкішеваның 2026 жылдың мамыр айында Лондонда өткен үйлену тойы қоғамның қызу талқысына түсті. Жұбайының ұлты мен нәсіліне қатысты айтылған пікірлер мен сыннан кейін Алтынай әлеуметтік желідегі оқырмандарына арнайы үндеу жолдады, деп хабарлайды Politico.kz.

Жәкішеваның айтуынша, махаббат ұлтты да, нәсілді де, мемлекеттік шекараны да білмейді. Ол адамдарды айыптамайды және бөлмейді.

«Махаббат — таза, әдемі әрі мәңгілік сезім. Ол өмір мен өлімнен де, кеңістік пен уақыттан да биік. Махаббат ешқандай шартқа, үмітке немесе шектеуге бағынбайды. Ол ұлтты да, нәсілді де, шекараны да білмейді», — деп жазды ол.

Алтынайдың сөзінше, махаббат — адамның шынайы болмысы әрі өмірдегі шынайы жалғыз нәрсе. Ол өз үндеуінде кейбір адамдардың жеккөрушілікпен, қорқынышпен және ашу-ызаға бой алдырып өмір сүретініне өкініш білдірді.

«Егер бұл әлем сізді жек көруге үйреткен болса, өкінішті. Егер ол сізді қатыгез етіп, жүрегіңізге зұлымдық ұялатып, қорқынышпен өмір сүруге мәжбүрлеген болса, оған да өкініш білдіремін», — деді Жәкішева.

Айтуынша, әрбір адам  шынайы махаббатты сезінген кезде ғана өмірдегі өзге дүниелердің маңызы соншалықты зор емес екенін түсінеді.

«Махаббат — біздің шынайы табиғатымыз. Біз махаббат үшін жаратылдық. Махаббаттан жаралып, ақыр соңында қайтадан махаббатқа ораламыз», — деп жазды Алтынай.

Үндеуінің соңында ол оқырмандарына жан тыныштығын тілеп, оларға деген сүйіспеншілігін білдірді.

Бұған дейін Мұхтар Жәкішев қызының таңдауын толық қолдайтынын айтқан болатын. Ол күйеу жігіттің отбасы жайлы жылы пікір білдіріп, өзі үшін ең маңыздысы — қызының бақыты екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа құдалары өзіне ұнаған.

Күйеу жігіттің отбасы жетпіс жылдан астам уақыт бойы Ұлыбританияда тұрып келе жатқанымен, салтанатты шараға ұлттық киіммен келіп, өздерінің тарихи тамырларын құрметтейтінін көрсетті.

Сондай-ақ Жәкішев инвестициялық банкир болып қызмет ететін күйеу жігіттің әкесі Генримен әлемдік экономикадағы жағдайды талқылағанын айтты.

Мұхтар Жәкішев «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясын 1998 жылдан 2009 жылға дейін басқарды. 2010 жылы сот оны сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар бойынша кінәлі деп танып, 14 жылға бас бостандығынан айырған. Алайда 2020 жылы ол мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.
 

Войдите, чтобы оставить комментарий