Тоқаев көлік жуу орындарында ауызсуды мақсатсыз пайдалануды тоқтатуды тапсырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көлік жуу орындарында ауызсудың мақсатсыз пайдаланылуын тоқтатуды тапсырды. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Президенттің сөзінше, Қазақстанда су тапшылығы мәселесін шешу үшін жүйелі әрі батыл шаралар қабылдау қажет.
«Ең алдымен, қазіргі жағдайда құндылығын бағалау қиын су ресурстарын ұтымды әрі үнемді пайдалану қағидаттарын барлық жерде енгізу қажет. Үкімет пен әкімдіктер су тұтынуды бақылауды күшейтуі тиіс. Су желілеріндегі шығынды азайтып, ауызсуды мақсатсыз пайдалануға, әсіресе көлік жуу орындарында қолдануға жол бермеу керек», деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы судың бағасы оның нақты құнына сәйкес болуы қажет екенін айтты.
«Су өзінің нақты құнына сай бағалануы тиіс. Менің тапсырмам бойынша Үкімет су тұтыну саласында ауқымды тарифтік реформаны бастады. Бұл жұмысты соңына дейін жеткізу қажет», деді Президент.
Тоқаев суды үнемдеуді барлық шаруашылық үшін міндетті қағидаға айналдыру керектігін жеткізді.
«Суға ұқыпты қарау шаруашылық жүргізудің міндетті қағидасына айналуы тиіс. Су ресурстарын толық әрі нақты есепке алу үшін цифрлық құралдарды барынша пайдалану аса маңызды. Бұл жаңа өндірістерді жоспарлау кезінде дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді», деді Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты Президент Үкіметке Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесін құру жұмысын қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.
Тоқаев суармалы егіншілікті дамыту мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанда ірі су көздерінің маңында ауыл шаруашылығына пайдалануға болатын ауқымды жер алқаптары бар.
«Елімізде ірі су көздеріне жақын орналасқан үлкен аумақты алып жатқан жер алқаптары бар. Сол жерлерді суармалы егіншілікке пайдалану дәстүрлі дақылдардың өнімділігін 2-2,5 есе көбейтуге ықпал етеді», деді Президент.
Мемлекет басшысы жаңа жерлерді игеру кезінде су үнемдеудің озық тәсілдері мен агрохимиялық технологияларды қолдану маңызды екенін айтты. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігі әлі де төмен екенін сынға алды.
Соңғы жаңалықтар