Президент жалақының ең төменгі мөлшерін 110 мың теңгеге көтеруді тапсырды

Президент жалақының ең төменгі мөлшерін 110 мың теңгеге көтеруді тапсырды
Фото: Politico.kz/Максим Золотухин

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа арнаған жолдауында азаматтардың табысын арттыруға және денсаулық сақтау саласы мамандарын қолдауға бағытталған бірқатар маңызды шешімді жария етті, деп хабарлайды Politico.kz.

Президент халықтың табысын кезең-кезеңімен арттыру мемлекеттік саясаттың негізгі өзегі болып қала беретінін атап өтіп, Үкіметке нақты мерзім мен тапсырма бекітті.

«Біз жалақының ең төменгі мөлшерін кезең-кезеңімен көбейте береміз. Мен Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырамын. Осы міндет келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Аталған шешім еліміздегі 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен айлық алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысына тікелей оң әсер етпек.

Дәрігерлер жалақысы 40%-ға дейін өседі

Жолдауда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жүйесін жаңғыртуға ерекше тоқталынды. Мемлекет басшысы жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, осы саланы қаржыландыру көлемін біртіндеп ұлғайту қажеттігін мәлімдеді.

Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап учаскелік қызмет мамандарының жалақысы үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін өседі. Бұл өзгеріс медицина саласындағы 77 мыңнан астам маманның еңбекақысын айтарлықтай көтеруге мүмкіндік береді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу