Тоқаев Үкіметке кәсіпкерлерді тыңдауды тапсырды
Қазақстанда биыл ғана күшіне енген жаңа Салық кодексі қайта өзгеруі мүмкін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлердің шағымына назар аударып, Үкіметке салық заңнамасындағы кемшіліктерді түзетуді тапсырды. Мемлекет басшысы қолданыстағы заңды өзгермейтін қағидаға айналдыруға болмайтынын ашық айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Президент «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді.
Тоқаевтың айтуынша, жаңа Салық кодексі елдегі салық жүйесін түбегейлі жаңартуға негіз қалады. Алайда ауқымды өзгерістерді жүзеге асыру барысында бұрын ескерілмеген мәселелер пайда болған.
– Келесі басымдық – салық саясатын жетілдіру. Жаңа Салық кодексі бүкіл жүйені кешенді түрде жаңартуға негіз қалады. Алайда мұндай ауқымды реформа кезінде құжатты әзірлеу барысында алдын ала болжау қиын мәселелердің туындайтыны сөзсіз. Соның салдарынан кәсіпкерлер жекелеген нормаларды қолдануда қиындықтарға тап болып отыр, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Салық кодексін өзгертуге болмайтын құжат ретінде қарастыру дұрыс емес екенін атап өтті.
– Салық кодексі өзгермейтін қағида да, қасиетті кітап та емес. Ол өмір шындығынан алшақ болмауы керек. Сондықтан заңдағы қайшылықтарды жойып, нормалардың екіұшты түсіндірілуіне жол бермеу қажет. Кәсіпкерлерге түсетін артық жүктемені азайтып, теңсіздіктерді түзету керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, салық жүйесі кәсіпкерлердің дамуына кедергі келтірмеуі тиіс. Керісінше, жаңа инвестиция тартуға, кәсіпорындар ашуға және жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беруі қажет.
Осыған байланысты Тоқаев Үкіметке бизнес өкілдерінің ұсыныстарын ескеріп, салық заңнамасына нақты өзгерістер әзірлеуді тапсырды.
– Салық жүйесі бизнестің дамуға деген ынтасын жоймауы, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға кедергі келтірмеуі керек. Сондықтан Үкімет кәсіпкерлердің пікіріне құлақ асып, салық заңнамасына нақты өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Алайда Президент заңды қайта-қайта өзгерте берудің де дұрыс емес екенін ескертті. Оның айтуынша, кәсіпкерлер тұрақты әрі түсінікті ережелермен жұмыс істеуі керек.
– Мұны өте мұқият жасау қажет. Кәсіпкерлердің жұмыс істеу ережелерін қайта-қайта өзгертуге болмайды. Біздің заңнамамыз соншалықты күрделі әрі түсініксіз болып кеткен, кәсіпкерлер үшін нағыз бас ауруына айналды, – деді Тоқаев.
Еске салайық, Қазақстанда жаңа Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.
Құжаттағы ең көп талқыланған өзгерістердің бірі – қосылған құн салығының (ҚҚС) өсуі. Бұған дейін 12 пайыз болған салық мөлшерлемесі 16 пайызға көтерілді.
Сонымен қатар ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 40 миллион теңгеге дейін төмендетілді.
Бұл өзгерістер кәсіпкерлер арасында қызу талқыланған болатын.
Енді Президент Үкіметке бизнестің ұсыныстарын тыңдап, заңдағы қайшылықтар мен артық талаптарды жоюды тапсырды.
Соңғы жаңалықтар