"Махаббатсыз біреудің қасында жату да оңай емес". Айниязов бір қызбен ғана жүргенін айтты
Қазақстандық танымал әнші Өмірқұл Айниязов өзінің жеке өмірі мен отбасылық қарым-қатынасының сыры туралы айтты. Өнер иесі жарымен жас кезінен бастап бірге екенін және отбасын сақтап қалуда махаббат пен өзара сыйластықтың басты рөл атқаратынын атап өтті, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол «Кездесу» подкастында айтты.
Әнші жарымен өрімдей жасынан басталған қарым-қатынасы туралы еске алып, басқа біреумен көңіл қосуға уақыт та, мүмкіндік те болмағанын жеткізді.
«Өмірде бір ғана қызбен жүргенім рас. Оны барлығы біледі. Біз колледжге 15 жасымызда түскенбіз, содан бастап біргеміз. Енді басқа қызбен жүруге мүмкіндік те, уақыт та болмады. Колледжді бітіргеннен кейін Алматыға келдік. Екеуміз екі жақта тұрдық: ол кісі ЖенПИ-дің жатақханасында, мен консерваторияның жатақханасында тұрдым», — деді Өмірқұл Айниязов.
Сондай-ақ өнер иесі студенттік жылдардағы тұрмыстық қиындықтардың сезімдерін одан сайын шыңдай түскеніне тоқталды.
«Кейін басқа қала, ол кезде білесіздер: телефон жоқ, қалтамызда ақша жоқ. Бөлмеде ауылдан әкелген тамақ бір-екі күнде бітіп қалады, ештеңе жоқ кез ғой. Содан кейін өзіңе жақын адамды іздейсің. Сөйтіп, ЖенПИ-ге, сол қызға барамыз. ЖенПИ-де оларға тегін тамақ береді, соны шай ішіп, бірге жейміз. Сөйтіп махаббатымыз одан сайын жақындай түскен болар. Бір-бірімізге жақын екенімізді түсінген болармыз. Сондықтан басқа қызбен жүретін уақыт та болмады, сонымен бұйырғаны — осы жеңгелеріңіз», — деді әнші.
Бүгінде отасқандарына 27 жыл толған әнші берік отбасының негізі тек жауапкершілікте емес, шынайы махаббат пен сыйластықта жатқанын алға тартты.
«Кеше отбасы құрғанымызға 27 жыл толды. Ал оның алдында 6 жыл жүргенбіз, сонда барлығы 33 жыл біргеміз. Колледжде 4 жыл, мұнда 2 жыл жүрдік. Отбасының беріктігі, ең алдымен, махаббатқа байланысты деп ойлаймын. Кейбір адамдар: «Махаббат жоқ, бір-екі жылдан кейін ол жоғалып кетеді, тек балалар үшін бірге тұрады» деп айтып жатады. Мен олай емес деп ойлаймын. Жалпы, махаббат болмаса, біреудің қасында жату да оңай емес. Сондықтан ол жақсы көргеннен кейін жатады деп ойлаймын. Ең бірінші — махаббат, әрине, содан соң сыйластық, сыйлау, бағалау, жақсы көру, жанұяны жақсы көру маңызды», — деді өнер иесі.
Соңғы жаңалықтар